Қазақ тағамдары туралы кітаптың таныстырылымы өтті

Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында Шымкент қаласы «Қоғамдық келісім» КММ-інің ұйытқы болуымен қазақ халқының ұлттық тағамдары туралы жазылған «Қазақтың дәстүрі мен дәмі» атты кітаптың таныстырылымы өтті. Бұл кітапта ұмыт бола бастаған қазақ тағамдарының 50 түрлі мәзірі ұсынылған, соның 20 түрлі ас-сусыны Шымкент қаласының тұрғыны, ұлттық тағамдарды дәріптеуші Нағима Жарылқасымова ханымның көмегімен әзірленген екен. Кітаптың авторы этнограф ғалым, ҚР Ұлтық музейіне қарасты Халық қазынасы ғылыми зерттеу институтының, материалдық емес мұражайының жетекшісі Әйгерім Мұсахожина.

 

Әйгерімнің мұрындық болуымен шыққан құнды кітапта ата-бабамыздың ғасырлар бойы сақтаған ас түрлері кездеседі. Тіпті техника дамымай тұрған кездің өзінде сақтау тәсілін білген, әрі адам ағзасына күш-қуат беретін құнарлы тағамдарды әзірлей білгендігін мақтанышпен айта аламыз және оны бүгінгі жастарға жеткізіп отырған бүгінгі кейіпкеріміз Нағима ханым жайында айта кетсек.

Нағима Жарылқасымова Шымкент қаласындағы №10 Ақпан батыр атындағы мектепте зейнеткерлік жасқа дейін ұзақ жылдар абыройлы ұстаздық еткен, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері.  Аяулы ана, қадірлі отанасы, немерелеріне өнеге берер асыл әже. Нағимаға 2017 жылы ЭКСПО көрмесіне қатысу сәті бұйырды. Бас қалада өткен халықаралық көрмеде  «Халық маркасы» ұлттық павильонында Нағиманың өз қолымен тарту еткен түрлі-түсті құрттары қойылды. ЭКСПО-да ол «Жоғары сапа» атты номинацияны жеңіп алады. Нағима қазіргі таңда «Ынтымақ» этномәдени бірлестігінің мүшесі.

Нағима Жарылқасымова:

-Ұлтық тағамдар өте құнды, дәруменге бай, атауының өзі ұмыт болып қалған тағамдардың әрқайсысының орны бөлек. Бұл кітапта күйеуге тартылатын төсөрме тағамын ерекше әдіспен бердім. Мұнда қойдың төс етін ішекке салып, қолмен бесөрім етіп жасап, еттің қасында сәбіз бен пияз қостым. Дәмі ерекше тіл үйіреді. Сонымен қатар, мыжыма, томыртқа, мипалау, жөргем, қимай секілді көне тағам түрлері кітапқа енді.  Әйгерім қызымыздың өзі оқырман қауымға осындай құнды дүниені жолдағаның өзі үлкен мәртебелі еңбек. Мен осы кітаптың авторымен кездескеніме қуаныштымын.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444