ҚАЗАҚСТАН МЕН ҮНДІСТАН АРАСЫНДА ЖАҢА ӘУЕ РЕЙСІ АШЫЛДЫ
Жаңа рейс EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қонақ ретінде келетіндерге қолайлы ашылып отыр. 2017 жылдың 2 шілдесі күні «Эйр Астана» әуе компаниясы орындайтын Астана –Дели бағыты бойынша жаңа халықаралық рейстің ашылуы болды. Екі елдің елордасы арасына әуе арқылы көпір болатын бұл бағыт аптасына 3 рет, яғни дүйсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері ұшатын болады. Астанадан Делиге ұшу ұзақтығы – 4 сағат 5 минут, ал Делиден Астанаға – 4,5 сағат. Дели жолаушыларына Мәскеу, Санкт-Петербург, Ыстамбұл және басқа да қалаларға Астанадан ыңғайлы түйісулерге қол жетімді болады. Астанадан Делиге барып-қайту әуе билетінің ең төменгі құны, барлық салықтарды қоса алғанда және эконом-класта 89 мың 883 теңгені құрайды. Айта кетейік, Алматы мен Дели арасындағы әуеқатынас 2004 жылдың 4 қыркүйегінде орнатылды. Осы уақыт ішінде 470 мыңнан астам жолаушы, 5 мың тонна жүк пен 4 тонна пошта тасымалданды. Алматы-Дели-Алматы бағыты бойынша 2017 жылдың алғашқы 5 айы ішінде 33 343 жолаушы тасымалданды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 36%-ға жоғары. 2017 жылдың 5 шілдесінен бастап Астана-Дели-Астана бағыты бойынша барлық рейстер Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының жаңа терминалы арқылы қабылданып жіберіледі. 1 маусым мен 10 қыркүйек кезеңі аралығында Астана қаласына келетін барлық халықаралық жолаушыларына, әуекомпания ЭКСПО көрмесіне тегін кіру билеттерін ұсынады.
Транзиттік әуе жолаушылар қатынасы бұдан жеті жыл бұрынғыға қарағанда 20 есеге артқан. Белсенді бағыттардың бірі Үндістаннан Қазақстан арқылы ТМД елдеріне бағытталған транзиттік жолаушылар маршруты болып табылады. Астаналар арасына қатынайтын рейсті «Эйр Астана» әуе компаниясы қолға алмақ. Бұл компания 2004 жылдан бері Алматы – Дели – Алматы рейсін орындап келеді. Айта кету керек, бұл халықаралық рейсті ашуда ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті мен Үндістанның авиациялық билігі бірлесе жұмыс атқарды. Кейінгі екі жыл ішінде Қазақстанға сапарлайтын Үндістандық азаматтардың саны 5 мыннан 11 мың адамға артқан. Осы аталған мерзім ішінде Қазақстаннан Үндістанға келушілер саны 3 есеге артып, 2016 жылы 18 мың адамға жеткен. Айта кетейік, екі елді жалғап отырған Алматы-Дели-Алматы тікелей әуе бағыты Қазақстан мен Үндістан арасындағы сауда-экономикалық, мәдени байланыстардың дамуына дәнекер болып келеді. Жаңа халықаралық рейс Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2020 жылға дейін еліміз арқылы өтетін транзиттік жолаушылар ағынын 4 есеге дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асуда.