Резервистер кадрлық резервтің жаңа Ережесіне сай болуы тиіс
Облыста мәслихат депутаттығына резервистер кандидатурасы жаңа ережеге сәйкес жасақталатын болады. Бұл туралы Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасының «ӨКҚ» алаңында өткен брифингте «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов айтты.
«Партиялық жаңғырудың 2018-2020 жылдарға арналған нақты жоспарында» кадрларды ілгерлетудің жүйелі тәртібін қалыптастыру бойынша партиялық кадрлық резервтің жаңа Ережесі әзірленді. Алдағы уақытта партия филиалдары басшылығымен мәслихат депутаттығына резервистер кандидатурасы осы Ережеге сәйкес дайындалатын болады. Кандидаттар 2 резервке – аймақтық және аудандық резервтерге іріктеледі. Мысалы, аудандық резервке ұсынылатын кандидат кем дегенде бір жыл партия мүшелігінде болуы тиіс, сондай-ақ жұмыс өтілі кем дегенде екі жыл, жоғары білімді, партиялық бағыттар бойынша сіңірген еңбегі болуы тиіс. Қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылуының болмауы, сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасаушы тәртіптік теріс қылықтарының, алып тасталмаған партиялық жазаларының болмауы жөніндегі талаптар барлық деңгейлер үшін міндетті. Аймақтық партиялық кадрлық резервке ену үшін кандидаттар 3 сатылы іріктеу жүйесінен өтуі қажет.
Ал, соңғы екі жылда 42 партия мүшесінің партиялық жауапкершілігі қаралып, қылмыстық және сыбайлас жемқорлық әрекеттерге жол бергені үшін партия қатарынан шығарылды.
Сондай-ақ, «Сәтті қадам» жобасы аясында облыс аумағындағы 1221 мектеп бітірген оқушылардың жұмысқа тұруына, қайта даярлау курстарына баруға мүмкіндіктер берілді. Партияның «Білім орталығы» жобасы бойынша облыс аумағындағы кітапханалардан 11 коворкинг орталықтар ашылып, жастардың қолдануына берілді.
Келесі жылы 1-наурызда «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 20 жыл толады. Партияның 20 жылдығына орай арнайы жоспар дайындалып, іс-шараларды өткізу жоспарлануда. Алдағы уақытта «Партияның 20 қайырымды ісі» акциясы, бастауыш партия ұйымдары арасында «Үлгілі отбасы – рухани жаңғырудың тірегі» отбасылық облыстық байқауы, спорттық жарыстар, «20 жылға – 20 күй» акция-челленджі және тағы басқа ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылады.