«Қазақстанмен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз» дейді катарлықтар
ЭКСПО қалашығындағы Катар павильоны елордалық қонақтарға құшағын айқара ашты. Мұнда келушілер қатары өте көп. Ислам елдері қатарында Катар ғылым мен теxнологиялар саласын дамытуда алар орны ерекше. Әсіресе, «жасыл экономика» теxнологияларын дамыту саласында Катардың жинаған оң тәжірибесі мол, сондықтан Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесіне катарлықтар асқан дайынықпен келген. Катар мемлекеті біз секілді мұнай экспорттаушы елдердің қатарына жатады. Сонымен қатар олар баламалы қуат көздерін жоғары деңгейде тұтынатынын айтып өттік. ЭКСПО қалашығындағы ашылу салтанаты барысында екі елдің мемлекеттік тулары көтеріліп, әнұраны ойналған негізгі шарадан кейін Таяу Шығыстағы танымал ансамбльдердің бірі өнер көрсетті. Бұл ұжым клаиссикалық араб музыкасын заманауи интерпретацияда орындауға машықтанған. Ал салтанатты шарада сөз алған Катардың сыртқы істер министрі жасыл технологияны дамытуда Қазақстанмен бірге жұмыс істеуге дайын екендіктерін мәлімдеді. Солтан Бин Саад Әл-Мурайхи, Катардың сыртқы істер министрі: — Катар мұнай мен газға бай ел екендігіне қарамастан баламалы энергертиика мен жоғары технология мәселелеріне айрықша назар аударады. Біз жасыл технологияны дамытуда Қазақстанмен бірге жұмыс істеуге дайынбыз және өзара тиімді серіктестік қатынас құрудан үмітіміз бар, — дегенді айтты.
Бейресми сауалнамаға сәйкес, көрмеге келушілердің бәрі оның сыртқы көрінісі ең үздік деп, баға берген. Кіреберістегі стендте бұл елдің бастапқы кәсібі — мұхит түбінен маржан теру, сонан соң мұнай өндіру, сосын газ өндірісі туралы жазылған. Катардың Қазақстанмен ұқсастығы осы жер. Сондай-ақ бұл ел баламалы қуат көздеріне енді көшіп жатыр. Айта кетейік, катарлықтар қазақтар сияқты бүркіт баптағанды жақсы көреді. Катарда тіпті бүркіт емдейтін клиника бар. Қазір Доха баламалы қуат көздеріне баса назар аударуға шақырып отыр. Әлемдік нарықта мұнай арзандағасын, Катар қуат көзін күннен алады. Бұл ел құранға сәйкес ысырапшылдыққа жол бермеу арқылы жасыл экономиканы насихаттайды. Катардың павильоны лабиринт түрінде жасалған. Ал мұндағы айнаның көптігі шексіздікті білдіреді екен.
Қатар Мемлекеті Қазақстанға Астана қаласы құрылысында, атап айтқанда «Нұр Астана» Ислам мәдени орталығын тұрғызу кезеңінде маңызды қолдау көрсеткенін атап өткен жөн. Қазіргі уақытта Қатар тарабының қаржысына Қазақстан елордасының орта мектебі салынуда, сонымен қатар әлеуметтік салада бірқатар жобаларды жүзеге асыру дайындық жұмыстары іске асырылуда. Сонымен бірге, Қатар араб елдерінің ішінде алғашқы болып Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесіне және Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымына енді.