ШЫМКЕНТ: А. СӘТТІБАЕВ ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР БОЙЫНША БРИФИНГ БЕРДІ

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте қала әкімінің орынбасары А.Сәттібаев жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды баяндады.

– Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп өнімінің көлемі биыл қаңтар-мамыр айларында 295 млрд. теңгені (2020 ж. 5 айы – 241,1 млрд.тг.) құрап, 53,9 млрд. теңгеге (10,1 пайызға) артты. Ал өңдеу өнеркәсібінде 251,0 млрд. теңгенің (2020 ж. 5 айы – 201,0 млрд. тг.) өнімі өндіріліп, өсім 10,0 пайызға жоғарылады. Жергілікті өндірушілерді қолдау мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, қаладағы салалық басқармалар (ведомстволық бағынысты ұйымдарымен бірге) – әлеуетті сатып алушылардың қатысуымен «AZALA Textile» ЖШС-нда кәсіпорынның өнімдерімен таныстыру іс-шарасы өткізілді. Сондай-ақ, Көрме орталығында 24-25 маусым күндері «Шымкент өнімдері» атты жәрмеңке өтеді. Онда тұтынушыларға жергілікті өндірістерде шығарылатын тауарлар таныстырылады. Сонымен қатар, тауар өндірушілері туралы 250-ден астам «Шымкент өнімдері» каталогы шығарылады, – деді қала әкімінің орынбасары.

Спикердің сөзінше, қаңтар-ақпан айының қорытындысы бойынша қала экономикасына 96,9 млрд. теңге тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 23,7 % жоғарылаған. Сондай-ақ, қалада 2 индустриялық («Оңтүстік», «Тассай»), көлік-логистикалық және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы бар. Бүгінде «Оңтүстік» индустриалды аймағында 72 жоба іске асырылып, онда 4,5 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Ал «Тассай» индустриалды аймағында жалпы құны 26,3 млрд. теңгелік 17 жоба іске қосылды. Ондағы жұмыс орындары — 1 мыңға жуық.

Сонымен қатар, көлік логистикалық аймағында бүгінде 15,9 млрд. теңгеге 225 жұмыс орнын құрумен 3 жоба жүзеге асырылған. Ал «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жалпы инвестиция көлемі 42,95 млрд. теңге тұратын 25 жоба іске асырылып, 2,2 мыңға жуық жұмыс орны құрылды.

Баспасөз мәслихатында Айбек Берікұлы ауыл шаруашылығының жұмыстарына да тоқталды.

– Өңірде агроөнімдерді өңдеуге басымдық берілді. Биыл ауыл шаруашылығында жалпы құны 24 млрд.теңгені құрайтын 32 инвестициялық жоба жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінгі таңда 931 млн.теңгеге 8 жоба іске қосылып, жаңадан 51 жұмыс орны ашылды. Әкімдік тарапынан әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 19 түріне мониторинг жүргізуде. Бұл тауарлар келісім-шарттар негізінде белгіленген бағада сатылуда, — деді спикер.

Айта кетейік, қала аумағында егіс алқаптары шектеулі болғандықтан, бақша дақылдары Түркістан облысынан әкелінеді және баға саясаты нарықпен дербес реттеледі.

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы

Фото – Ернар Мамыр

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444