Қазақстандағы өзбек диаспорасына елеулі еңбек сіңіріп келе жатқан есім
Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жылдығы аясында Шымкенттегі өзбек диаспорасының белсенді өкілі, есімі елге етене таныс азамат Хашимжанов Икрам Акрамұлының еңбегі туралы айтпақпыз.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, ҚХА Кеңесінің мүшесі Хашимжанов Икрам Акрамұлы Қазақстандағы өзбек диаспорасына елеулі еңбек сіңіріп келе жатқан есім. Ол 1957 жылдың 22 қыркүйегінге оңтүстік өңірде туған. Икрам Акрамұлы өзбек этносымен бірге Қазақстанның өнері мен мәдениетіне, баспасөз саласының дамуына етена атсалысты. Әсіресе, 1999 жылдан бастап Қазақстан Республикасы «Дустлик» өзбектердің этномәдени бірлестіктері қауымдастығының төрағасы болып сайланғалы ежелден бауыр екі ұлттың арасындағы рухани байланысты ұдайы жалғастырып келеді.
Сондай-ақ, ол Қажымұқан Мұңайтпасова атындағы Орталық стадионның коммерциялық мәселелер және спорт жөніндегі бас директордың орынбасары, Сайрам ауданының Жұлдыз және Бадам ауылдық округтерінің әкімі қызметтерінде жүргенде де халық алдында абырой биігінен көрінді. Ел тұрмысына етене араласып, көптеген түйінді мәселенің оң шешім табуына ықпал еткен азаматтардың бірі. 2006 жылдың 27 сәуірінен бастап «Жанубий Козогистон» облыстық қоғамдық-саяси газеті бас редакторының орынбасары қызметінде болды.
2013 жылдың 11 маусымынан бастап Шымкент қаласының өзбек драма театрының директоры, 2006 жылдың шілдесінен бастап Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, 2012 жылдан бастап Халықаралық Амир Тимур Қорының Қазақстан Республикасындағы филиалының төрағасы атанды. 2013 жылдан бастап «Нұр Отан» саяси партиясы Орталық аппараты Саяси кеңесінің мүшесі, 2012-2014 жылдары ерікті негізде ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Сонымен қатар Икрам Акрамұлы — Шымкент қаласы прокуратурасы мен полиция бөлімінің консультативтік кеңесінің мүшесі, Шымкент қалалық сотының медиация кабинетінің мүшесі. Ресей Федерациясының Халықаралық психологиялық ғылымдар академиясының құрметті академигі. Оның есімі Ресей, Қазақстан, Украина және Беларуссияның «ТМД халықаралық энциклопедиясының қаһармандары» кітабына еніп, 2012 ж. «Энциклопедия Батыры» медалімен марапатталған, 2019 жылы Шымкент қаласының құрметті азаматы атағына ие болды.