Тарихы тамырлас екі халықтың достығы ежелден берік
Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай өзбек этномәдени орталығының тарихына тоқталып өтейік. Әсіресе, Шымкент қаласындағы өзбек диаспорасының маңызы зор. Себебі, Қазақстандағы адам саны жағынан өзбектер үшінші орын алатын ұлт. Өзбек диаспорасының шоғырланған жері — Шымкент қаласы.
Өзбек этносының өкілдері өңіріміздегі барлық салаларда аянбай еңбек етіп, экономикамыздың өсіп-өркендеуіне үлестерін қосып келеді. Бұл күнде миллионнан астам тұрғыны, екі мың жылдық тарихы бар Шымкент қаласы жұртшылығының 17 пайыздан астамын өзбек этносының өкілдері құрайды. Өңірде өзбек этномәдени бірлестігі 1989 жылы құрылып, отыз жылға жуық уақыт бойы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының қоғамдық-саяси, мәдени өміріне белсене араласты. Былтыр осы этномәдени бірлестік қалалық мәртебесін алып, осындағы 178 мың өзбек этносы өкілдерінің қазақстандық қоғамның ортақ құндылықтарын қастерлеуіне ұйытқы болып отыр. Бірлестік жанындағы ақсақалдар алқасы, жастар қанаты, «Бахор», «Феруз» шығармашылық ұжымдары Шымкенттің дара дәстүрін жалғап, қоғамдық-мәдени тұрмысын байытып келеді.