«Рухани жаңғыру» бойынша алғашқы республикалық көшпелі семинар Әулиеата өңірінде өтетін болды

Бүгін Жамбыл облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы  Берік Құрманғалидің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында Берік Уәлиұлы басқарманың соңғы тоғыз айда атқарған жұмыстары туралы баяндады.

Басқарма басшысы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыруды тікелей үйлестіріп келе жатқанын, аталған бағдарлама аясында басқарманың ұйтқы болуымен  халықты рухани тұрғыда байыту мақсатында республикалық деңгейдегі танымал азаматтар мен зиялы тұлғалар өңірге шақырылып, олармен кездесулер мен өзге де ауқымды шаралар өткізу қолға алынғанын атап өтті. «Облыстың қоғамдық-саяси ахуалына әлеуметтік зерттеулер форматында тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Әлеуметтік зерттеу қорытындысы бойынша үшінші тоқсанда сұралған респонденттердің 93,55 пайызы елдегі қоғамдық-саяси жағдайдың жай-күйін игілікті және жақсы деп белгілеген. Биылғы жылдың негізгі қоғамдық-саяси тақырыбы – Елордамыз Астана қаласының 20 жылдығы болды. Жыл ішінде бірқатар қоғамдық-мәдени көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылып, өңірде 29 маусым күні «Астана – аймақтар арқауы» облыстық форумы өткізілді», деді басқарма басшысы.  Жамбыл өңірінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша ағымдағы жылы 3 миллиард 50 миллион теңгеге 119 кіші жоба мен 73 шара іске асырылуда. Оның ішінде 350 миллион теңге жергілікті бюджет, ал 2,7 миллиард теңге меценаттар есебінен қаржыландырылуда. Сонымен қатар, баспасөз конференциясында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы, археолог Айман Досымбаева және басқа да азаматтардың қатысуымен «Тараз – тарих айнасы» ғылыми-практикалық конференциясы өткені, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің жамбылдық зиялы қауым өкілдерімен кездескені, Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің ғасырлық мерейтойы ұйымдастырылғаны айтылды. Ал Әулиеата өңіріне даңқты батыр Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметованың қатысуымен «Аманат арқалаған жан» кездесуінің өтуі, айтыскер ақын Әзімбек Жанқұлиевті еске алуға арналған әдеби кештің ұйымдастырылуы өңірдің рухани өміріндегі бір серпіліс деуге болады. Тағы бір айта кетерлігі, жамбылдықтар үшін биылғы жылдың жағымды жаңалықтарының бірі – «Мерейлі отбасы 2018» республикалық байқауында Ниязқұловтар әулетінің бірінші орын иеленгені болды. Жеңімпаз әулет білім саласында ұрпақтар сабақтастығын жалғап, өнеге өрнектерін көрсетіп келеді. Оларды облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы қабылдап, ілтипат көрсеткен еді.  Жамбыл өңірі таланттан кенде емес. Бүгінгі таңда әр салада жоғары жетістікке жетіп, абырой биігіне көтерілген әулиеаталық азаматтар аз емес. Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази, Асанәлі Әшімов, Мырзатай Жолдасбеков, Өмірбек Байгелді, Мұхтарбай Өтелбаев және өзге де азаматтар Әулиеата топырағынан шығып, қазақ атын әр сала бойынша әлемге танытып жүрген тарландар. Бұл орайда Берік Құрманғали облыстық ішкі саясат басқармасы «Жерлестер» форумын өткізуді қолға алып отырғанын жеткізді. Мұндағы мақсат та Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іс жүзінде насихаттау болып отыр.  Сонымен қатар, басқосуда басқарманың негізгі жұмыстарының бірі түсіндіру және ақпараттық саясатты жүргізу екені де айтылды. Бүгінгі таңда облыста 59 бұқаралық ақпарат құралы қызмет етеді. Оның ішінде 14 ақпарат құралында мемлекеттің қатысу үлесі бар. Өңірде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыруға 658,3 миллион теңге қаражат бөлінген. Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңына сәйкес, барлық мемлекеттік мекемелерде баспасөзге жауапты мамандар белгіленген. Өз сөзінде басқарма басшысы олардың кәсіби біліктілігін арттыру жұмыстары басқарма тарапынан жүзеге асырылып келетіндігін айтып өтті. Жуырда ғана бұл мақсатта Меркі ауданында «Ақпарат ағыны және біз» және «БАҚ арасындағы байланыстың тиімді жолдары» атты семинар-тренинг өткен болатын. Бұдан бөлек, облыста Жамбыл өңірінде алғаш рет облыс әкімінің кубогына арналған журналистер арасында кіші футболдан республикалық турнир ұйымдастырылып, оған Астана, Алматы, Шымкент қалалары және Алматы, Қызылорда, Жамбыл облыстарынан барлығы 12 команда қатысып, жеңімпаздар марапатталған.  «Облыс әкімі Асқар Исабекұлының тапсырмасымен облыстық басқарма басшылары мен Тараз  қаласы және аудан әкімдері кестеге сәйкес «Өңірлік коммуникациялар қызметі» алаңында аптаның дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері брифингке қатысып, одан кейін облыстық «JAMBYL» телеарнасының «1 студия» бағдарламасына тікелей эфирге шығуын тапсырған болатын. Облыстық ішкі саясат басқармасы бекітілген кестеге сәйкес, брифинг пен тікелей эфирге мекемелердің бірінші басшысының қатысуын үйлестіріп келеді», деді өз сөзінде.  Конференция соңында Берік Құрманғали басқарманың бірқатар жоспарларымен бөлісті. Ағымдағы жылдың қазан-қараша айында Жамбыл өңірінде «Жерлестер» форумымен қатар, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты сарапшыларының қатысуымен семинар-тренинг, Алаш әскерінің құрылғанына жүз жыл толуына арналған «дөңгелек үстел» отырысы өтеді. Сонымен қатар, басқарманың бастамасымен желтоқсан айында Тұңғыш Президент күніне арналған ғылыми-тәжірибелік конференция мен Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиналыс ұйымдастырылады. Ал сөз соңында Берік Уәлиұлы жуырда Астана қаласында өткен кеңесте еліміздің Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасының ұсынысын қолдап, соның негізінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша алғашқы республикалық көшпелі семинар Әулиеата өңірінде өтетіндігін мәлімдеді.

Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444