Гүлдердің ханшайымы
Қазақстан Халықтары Ассамблеясына 25 жылдығы аясында славян этномәдени бірлестігі қолөнер бұйымдары көрмесін өткізді. Көрмеге жүздеген тұрғын жиналып, қолөнершілердің туындыларын тамашалады. Көрмеде ерекше көзге түскен шеберлердің бірі Ставицкая Наталья. Ол қазіргі нарыққа сай жасанды гүлдер шоғын жасап шығарады.
Қазір қолөнері жан-жақты дамып, тіпті заманауи үлгіде ерекшелене түскен. Мәселен, изолон синтетикалық материалын сахнаны, мерекелік кештерді декоративті безендіруге, сондай-ақ интерьерлерде қолданады. Материал пенополиэтилен болғандықтан, оны ыңғайға қарай әр түрлі мөлшерде, әр түрлі пішінде пайдалануға болады.
Наталья Ставицкаяның өз шеберханасы бар. Ол мұнда изолон мен фоамирин материалдарынан жасанды гүлдер жасап шығарады. Оның қолынан шыққан гүлдер түрлі студияларды, ісшара өтетін конференц-залдарды, тойханалар мен мейрамханаларды, көпшілік орындарды сәндендіріп, безендіруге қажет.
Натальяның айтуынша, өз қиялыңызға ерік берсеңіз болды, гүлдердің ірісін, ұсағын әртүрлі түсте жасап шығара аласыз. Тек ол студияның сәнін аша білсе болды. Н.Ставицкая әрбір туындысынан шабыт ала біледі. Сондықтан, оның бұйымдары қазір Шымкент қаласының «Магнум» сауда үйінде, бірқатары Теріскей шағын ауданындағы сауда орындарына сатылады. Қызыға сатып алатындар күн санап артып келеді.
Наталья мамандығы зойынша заңгер. Ол өзін өнерлі заңгермін деп есептейді. Өйткені, бұл хоббиі оны шабыттандыра түседі, әрі шеберханада болған әрбір сәт оған айтарлықтай көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.