Маталарға сурет салатын шебер
Қазақстан Халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай славян этномәдени бірлестігі ұйымдастырған қолөнершілер көрмесіне Севрюкова Юлиана өз туындыларын алып шығып, қала тұрғындарына көрсетті. Юлиана — матаға сурет салу шебері, Шымкенттегі славян этномәдени бірлестігі жанындағы қолөнер шеберлері клубының мүшесі.
Сіз ұйықтар алдында өз есіміңіз жазылған жастыққа бас қойып, тәтті ұйқы құшағына күмп ете қалғыңыз келе ме, онда ойланбай Юлиана ханымның өнерімен таныс болыңыз. Ол матаға кісі есімдерін, достарыңыздың, қалыңдықтың есімін, не болмаса анаңызға алғыс сезімін білдіретін жылы сөздерді ілезде жазып, сізді қуанышқа кенелтеді.
Юлиана – бұл кәсіпке өзінің қызығушылығы арқасында келгенін айтады. Дегенмен, мамандығы – мейірбике. Медицина саласында жұмыс істеп жүріп, тұрмысқа шығып, балалы болғаннан кейін бала күтіміндегі демалысқа шығады. Содан кейін бос уақыттарында ізденіп, қосымша табыс табу үшін матаға сурет салу, жазу өнерімен танысады. Түрлі мастер-кластардан сабақ алып, ақыры толықтай осы өнерді қолға алады. Қазір осы кәсібін нәсіпке айналдырып отыр.
Жалпы, матаға сурет салу – еуропаға Үндістаннан келген ежелгі өнер. Алайда, талай ғасырлардан бері шеберлер бұл өнердің әдіс-тәсілін өте құпия ұстаған. Кейін бұл дәстүр Қытайда жібекке, яғни жібек көйлекке сурет салу, жазу жазу өнерімен жалғасады. Тіпті, Қытай мен Жапонияда өркендеп дами түседі. Қазір технолигияның дамыған заманы болғандықтан, матаға жазу және сурет қондыру әлдеқайда жеңілірек. Десек те, бұл жұмысқа шебердің көңіл-күйі, ынта-жігері, күші жұмсалатындықтан, сатып алушыларға позитивті көңіл-күй сыйлайтыны рас.
Юлиана Севрюкова:
- Маталарды таңдағанда таза мақтадан болғанын қалаймын. Сатып алушылардың көңілінен шығатындай, олардың өзімен кеңесіп, бірлесе отырып, суреттерді таңдаймын. Кейін өзім де сурет таңдауға көмектесемін, кеңес беремін. Көбінесе аналарына, балаларына, сүйіктілеріне сыйлық жасау үшін тапсырыс береді. Осындай суреттер, арнайы жазулар қондырылған жастықтың тысын қолмен де, кір машинасымен де жууға болады.