Шымкенттік тәртіп сақшылары өзбекстандық әріптестерімен бірге рейд өткізді
Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі аппараттары арасында кезекті екі жақты консультациялардың қорытындысы бойынша Өзбекстан ІІМ-нің қатысуымен заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл бойынша «Заңсыз келуші» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді.
Нәтижесінде Шымкент қаласы бойынша ел аумағына келу және кету ережелерін бұзған 587 тұлға анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың арасында шетелдіктер мен Қазақстан азаматтары да бар. 320 тұлғаға ескерту беріліп, 70-не әкімшілік айыппұл салынды, 153 шетелдік азамат әкімшілік қамауға алынды. Өзге елдердің 44 азаматы сот шешімдерімен ел аумағынан шығарылған. Шымкент қалалық полиция департаментінің қабылдап-бөлу мекемесіне жеке бастарын анықтайтын құжаттары жоқ 127 адам орналастырылды.
Сондай-ақ, адамдарды мазалап, қайыршылық жасап жүрген 12 шетелдік анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.