ШЫМКЕНТТЕ «ШАРЫҚТА, ШАЛҚАР ШАБЫТЫМ!» ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ
Бүгін Шымкент қаласындағы Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияда «Шарықта, шалқар шабытым!» фестивалі өтті. «Шалқар Шабыт» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараға зағип және әлсіз көретін жандар қатысты.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры», «Туған жер» бағдарламасын жандандыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға қала әкімі Ерлан Қуанышұлы арнайы қатысып, жас таланттардың өнерін тамашалады.
«Бүгінде біз ерекше жандардың рухани дамуына демеу көрсетіп, олардың бойындағы қабілетін, өнерін ел арасында насихаттау мақсатында аталған дәстүрлі фестивалді өткізіп келеміз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы тиіс деген болатын. Осы мақсатта қаламызда біршама оңды жұмыстар атқарылуда», — деді шаһар басшысы.
Байқауда бақ сынаушылар үш түрлі номинация бойынша өнерлерін көрсетті. «Шалқар шабытпен толғаған жырлар» атты бөлімде «Бір ел-бір кітап» республикалық акциясында таңдалған Әбділдә Тәжібаевтың өлеңдерін жатқа, мәнерлеп оқыды. «Өшпейтұғұн, өлмейтұғын-әндер ай!» бөлімінде дәстүрлі және халық әндерін орындады. Ал «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың Отаны» атты қолөнер сайысында қатысушылар алма мен қызғалдақтың символын жасады.
Қатысушылардың өнерін бағалаған әділқазылар өнерпаздардың сахналық киімдері мен орындау шеберліктеріне, дауыс үйлесімділігіне ерекше мән берді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі