«Дәстүрдің дара діңгегі» атты көрме-экспозициясының ашылу салтанаты өтті

Шымкент қаласындағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібековке арналған «Дәстүрдің дара діңгегі» атты көрме-экспозициясының ашылу салтанаты өтті. Өзбекәлі Жәнібеков — қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына сүбелі үлесін қосқан, Қожа Ахмет Иассауи кесенесінің қалпына келтірілуіне, Тайқазанның елімізге қайта оралуына ұйытқы болып, еліміздегі тарихи-мәдени мұраларды түгендеу, зерттеу, қайта қалпына келтіру жұмыстарына айрықша күш салған. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысып, “Наурыз” мейрамының қазақ халқына қайта оралуына, Алаш ардақтыларының тарихта өз орнын табуына т.б. ел мүддесі үшін өз өмірін арнаған. Бүгінде Өзағаңдай ұлы тұлғаға қандай құрмет көрсетсек те артық емес.
Жиында сөз алған жазушылар М.Байғұт, ақын Қ.Төретай, С.Жәнәбіл, К.Айдарбекова сынды Өзағаңның сан алуан еңбегін әр қырынан танытты. Түркістаннан келген этнограф-ғалымның туысы Айғаным Абанқызы Серім Өзағаңнан көрген тәлім-тәрбиесін, елімізге сіңірген еңбегінің өлшеусіз екенін жүрек тебіренісімен баяндап, жиналған қауымның көптеген сұрақтарына жауап берді.
Мұндай тағылымды шара әлі де өз жалғасын таба береді, бүгінгі көрме-экспозиция осының бір айғағы іспеттес.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444