Астана төрінде Мадагаскардың ұлттық күні аталып өтті

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің бас тақырыбы — «Болашақ қуаты». Жасыл технологияларды дамыту, балама қуат көздерін табу мәселесі өзекті боп тұрған заманда 2017 жылғы көрме талай бастаманы іске асыру кілтіне айналды. ЭКСПО-ны өткізу тарихына қарасаңыз, үлкен көрмелердің құрметіне әр ел өзінің техникалық мүмкіндігін паш ету үшін сәулет туындыларын салуға тырысқан.

Бүгінде Астана төріндегі EXPO халықаралық мамандандырылған көрмесінде Мадагаскардың ұлттық күні аталып өтіп жатыр. Үнді мұxитында орналасқан бұл арал EXPO қалашығына келушілерді өзінің экзотикасымен қайран қалдырды. Салтанатты мереке Қазақстанның және Мадагаскардың әнұрандарының орындалуымен, сондай-ақ қос елдің байрақтарын көтерумен басталды. Осыған орай Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің жауапты хатшысы құттықтау сөз сөйледі. Жалпы Мадагаскар – Африка құрлығының оңтүстік-шығысында, Үнді мұхитында орналасқан мемлекет. Әлемдегі аралдардың ішінде көлемі бойынша 4 орында тұр. Мадагаскарда ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Мұнымен қоса ванильді көптеп өндіретін әлемдегі көшбасшы ел. Кезінде алпауыт «Coca-Cola» компаниясы табиғи ванильдан синтетикалыққа көшкен кезде Мадагаскарлықтардың экономикасына елеулі әсер еткен. Сонымен қатар онда күн және жел энергетикасы жақсы дамыған. Тіпті олар ұялы телефондарын күн көзімен қуаттандырады екен.

Энергия — бұл адамзат тіршілігінің дамуына жағдай жасаушы және ынталандырушы бірден-бір табиғи қайнар көз. Энергия социумдар үлгісінің сақталуын қамтамасыз етеді, ол көптеген аспектілерді біріктіретін ұғым ретінде бүкіл әлем мен адамзатқа тікелей қатысты қызықты сауалдарды туындатады. Қоғамның энергия көздеріне қол жеткізуі олардың әлеуметтiк, экономикалық және экологиялық тұрақты дамуының нақты жағдайларын тiкелей түрде анықтайды. Технология саласындағы әр түрлi қуат көздерін оңтайландырумен байланысты ғылыми зерттеулер мен жетiстiктер қоғамдастықтардың функционалды тәсiлдерiн анықтап, энергетиканың тұрақты даму болашағын қалыптастырады.

Мадагаскар да энергетика саласының тұрақты дамуына аса зор мән беріп, елімізде өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне мейлінше мол дайындықпен келген-ді. Көрме аясында өз мүмкіндіктерін барынша пайдаланып, өзге елдерден тәжірибе болар дүние алмақ ойда. Ал бүгінгі мереке Мадагаскардың музыкалық композицияларын орындаумен жалғасын табады. Ал, алдағы уақытта Мадагаскар елі жасыл технологиялары мен баламалы энергия саласында жеткен жетістіктерімен толықтай бөліседі деген ойдамыз.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444