Шымкент қаласындағы 25 білім беру мекемесінен 166 заң бұзушылық анықталған
ҚР Білім және ғылым министрлігі білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша білім саласындағы бақылау департаменті өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылған баспасөз брифингі өтті.
Жиында департамент басшысы Тәжиева Жанат Арысбекқызы ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауын насихаттау аясында Шымкент қаласының білім саласындағы бақылау жұмыстары және де алдағы жоспарлары жөнінде баяндады. Сондай-ақ, брифингте Жанат Тәжиева білім беру қызметін лицензиялау бойынша 2019 жылдың 9 айында «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесіне заңды тұлғалардан 422 өтініш келіп түскендігін айтылды. Нақтылап айтсақ, олардың 284-і лицензия және (немесе) лицензияға қосымша алуға (250-і колледжден, 34-і мектептен), 138-і (36-ы колледжден, 102-і мектептен) лицензия және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу бойынша. Қаралған өтініштердің 135-і қанағаттандырылып, 287 өтініштен бас тартылған.
Шымкент қаласындағы 25 білім беру мекемесінен 166 заң бұзушылық анықталған. Аталған көрсеткіш ағымдағы жылдың алғашқы алты айында департамент тарапынан жүргізілген профилактикалық бақылаудың нәтижесі. Жанат Арысбекқызының айтуынша орын алған заң бұзушылықтардың 132-сі тікелей басшылықтың, қалған 34-і жоғары тұрған орган тарапынан орын алған.