ҚАЗАҚСТАН – ҚЫТАЙ: ШИРЕК ҒАСЫР СЕРІКТЕСТІГІ
«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі еліміз үшін аса маңызды. Себебі, халықаралық көрме аясында еліміз үшін маңызды іскерлік меморандумдар қабылдануда. Бұл өз кезегінде еліміздің экономикалық дамуына үлесін қоспақ.
Бүгінде «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіндегі Қытай Халық Республикасының павильонында «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО), Астана қаласының әкімдігі, «Инновациялық технологиялар паркі» Автономдық кластерлік қоры (АКҚ) және «Zhejiang «Jumore» E-commerce Co. Ltd» компаниясы арасында өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Чжэцзян провинциясының күні аясында өткен бұл шараға осы провинцияның вице-губернаторы Лян Лимин, Қытай Халық Республикасының Халықаралық сауданы дамытуға ықпал ету жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Чэнь Чжоу, ҚХР-ның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Ханьхуэй қатысты. Қол қойылған құжаттар аясында тараптар «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасы мен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында көрсетілген мақсат-міндеттерді жүзеге асыру, Қазақстан Республикасының Үшінші жаңғыруы шеңберінде экономиканың жеделдетілген жаңғыруын жүзеге асыру мақсатында цифрлық сервистерді енгізу және оған жағымды жағдай жасау үшін ынтымақтасып жұмыс істеуге келісті.
Қазіргі уақытта Қытай мен Қазақстан арасындағы байланыстар тығыз даму жолына түсті. Атап өтейік, қос ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл болды. Осы аралықта қос тарап бейбіт келісім жасасып, өзара сенімділікті, территориялық тұрақтылықты айқындады. Ал бұл меморандум екі жақты қарым-қатынасты нығайтуға, келешектегі сауда-экономикалық байланысты одан әрмен өрістетуге бағытталды.
Тараптар көрсететін қызметтерге келсек, «Jumore» компаниясы тиісті онлайн-платформаны пайдалану арқылы қазақстандық және қытайлық компаниялардың арасындағы ынтымақтастықтың орнауына жағдай жасаумен, электрондық коммерция, логистикалық және қаржы қызметі салаларын дамытумен айналысады, АКҚ қажетті экспертиза мен операциялық бақылау жасайды, Астана қаласының әкімдігі технологиялық кәсіпкерлікпен айналысатын компаниялар мен стартаптарды тартпақ, ал АХҚО өз кезегінде онлайн-платформа базасындағы қаржылық технологиялардың дамуына бағытталатын компаниялар мен стартаптардың жұмысына қажетті қолдау көрсетумен айналысады.
Аталмыш меморандум жаңа жобаларды іске асыруға жол ашады деп жоспарланып отыр.