«Қазақстан Еуразия құрлығындағы транзит тасымалының чемпионы»
Еуразия құрлығының ұлан-ғайыр даласын алып, Еуропа мен Азияны жалғап жатқан еліміздің транзиттік әлеуеті жайлы әңгімелер аз айтылып жатқан жоқ. Қытай Төрағасы Си Цзиньпин мырза Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлымен кездесуінде «Қазақстан Еуразия құрлығындағы транзит тасымалының чемпионы» деп баға берген болатын.
Расыменде, бүгінгі таңда Қазақстан территориясы арқылы Қытай мен Еуропа арасына қатынайтын 15-тен астам транзиттік бағыт бар екен. Батыс пен шығысты жалғайтын зор басымдыққа ие маңызды күре жолдар Қазақстан арқылы өтеді. Мысалы, «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» транзиттік авто дәлізі ел экономикасына қомақты үлес қосары сөзсіз.
ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек берген сұхбатында Қазақстан арқылы Лондоннан Қытайға жүк тасымалдайтын алғашқы контейнерлік пойызының іске қосылып, еліміз аталмыш транзиттік тасымалдаудан қандай пайда көретіндігі сынды бірқатар сұрақтарға жауап берген болатын.
«Ең алдымен «пайда көреді» дегенге қатысты айтарым құрлықтағы транзиттік тасымал Қазақстан үшін өте тиімді. Өйткені, бұл тек елдің бір шетінен кіріп, екінші шетінен шыға беретін жол ғана емес, бұл арқылы сыртқы нарыққа өз тауарымызды шығару мүмкіндігі кеңейіп отыр. Яғни, бірінші кезекте Қазақстанда экспортты дамытуға жол ашылуда. Сондықтан да, осындай жобалардың сәтті жүзеге асуы үшін елімізде қажетті инфрақұрылымдар жасалып жатыр. Биыл сәуір айында Лондон-Иу бағытындағы бірінші контейнерлік пойыз Қазақстан территориясы арқылы өтті. Контейнерлік пойыз лондондық «DP World London Gateway» терминалынан Қытайдың ірі логистикалық орталығы Иу қаласына жөнелтілген болатын. Бұл ретте еліміздің көлік-логистикалық инфрақұрылымдағы мүмкіндіктері жүк жөнелтушілерге жеткізу уақытын 2 есеге дейін қысқартып, мультимодальды тізбек қалыптастыруға мүмкіндік бергенін айтуымыз керек. Яғни, осыдан-ақ Қазақстанның Батыс пен Шығысты арасын жалғауда айтарлықтай рөл атқарып отырғанын жеткізгім келеді. Жалпы, Қытай мен Еуропа арасында жүріп тұратын жүк пойыздары сауда-экономикалық байланысты нығайтады, платформалар тұрғызады және өз кезегінде «Нұрлы жол» бағдарламасының және «Бір белдеу — бір жол» бастамасының жүзеге асырылуына септігін тигізеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, контейнерлік тасымалды 2020 жылға қарай 2 млн. контейнерге дейін арттыру бойынша жұмыстар жалғасуда. 2017 жылы контейнерлер санын 320 мың бірлікке дейін, оның ішінде Қытай-Еуропа-Қытай бағыты бойынша 165 мың контейнерге арттыру көзделіп отыр», — деді Министр.
Халық үшін де ең қажетті инфрақұрылым автомобиль жолы екені сөзсіз. Бұл бағыттағы алдағы уақытта атқарылуы тиіс жобаларға да тоқталған болатын: — Жол — бұл экономиканың күретамыры. Өйткені, республикалық және облыстық маңыздағы күре жолдардың жақсы болуы ел экономикасына тікелей әсер етеді және халықтың пайдалануына ыңғайлы екені айтпаса да түсінікті. Бұл бағытта атқарылған жұмыс аз емес. Алдағы жоспарларымыз да ауқымды. Биылғы бөлінген қаржы есебінен 7 өтпелі жобалардың жұмысы жалғасып жатыр. Бұлар: Астана-Қарағанды, Орталық-Шығыс, Бейнеу-Ақтау, Орталық-Батыс, Қапшағай-Талдықорған, Астана-Петропавл және Орал-Каменка. Жыл соңында соның 602 шақырымындағы жұмыстар аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, жалпы ұзақтығы 3,2 мың шақырымды құрайтын 15 жаңа жобаның құрылысы басталады. Жалпы алғанда, биыл 4,4 мың шақырым жолға жұмыс жүргізіледі», — деп сөзін қайырды Жеңіс Қасымбек.
ҚР Инвестициялар және даму министрінің айтынша, «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2020 жылға дейін республикалық маңызы бар 7 мың шақырым автомобиль жолын салу және реконструкциялау қарастырылған. Осы жұмыстардың аясында автомобиль жолдары I және II техникалық санатқа ауыстырылады. Яғни, автомобиль жолдары қауіпсіз әрі қолайлы болмақ. Республикалық бюджетке түсетін ауыртпалықты төмендету үшін, сонымен қатар аталған автомобиль жолдарын сапалы және қауіпсіз күйде ұстау үшін ақылы жүйе енгізу жоспарлануда. Ағымдағы жылдың аяғында «Астана-Теміртау», «Алматы-Қапшағай» және «Алматы-Қорғас» учаскелерінде жалпы ұзақтығы 469 шақырым жолға ақылы жүйе енгізіледі деп жоспарланған. Ақылы жүйе арқылы түскен қаржы тек осы жолды күтіп ұстау үшін жұмсалатын болады. Бұл жерде біріншіден жолдың сапасы жақсы болады, екіншіден, жол қауіпсіздігі қамтамасыз ету мәселесі шешіледі. Яғни, жолдардағы көлік апатын азайту көзделген.