Конституцияны ұлықтау басты парыз
Ата заңымыз Конституцияға биыл 25 жыл. Осы ширек ғасыр ішінде елдің өркендеуі жолында түрлі өзгерістер болды. Заман ағымына байланысты құқық қорғау саласында да бір талай өзгерістер енгізілген.
Ата заңның негізі тарихта жатқанын ұмытпауға тиіспіз. Заңдық жүйеміз кем дегенде осыдан 4-5 ғасыр бұрын жазылып басталды. Ол қалай болды? Қай кезеңді алмайық, ойшылдарымыз заңның қажеттігін айтып кеткен. Арғы тарихты былай қойғанда, ел болып қалыптасқан тұстан бастап белгілі тәртіп, ереже жиынтығы жасалғанын аңғаруға болады. Мәселен, «Қасым ханның қасқа жолы». Сол кездегі қоғам оны бір ғасырға жуық қолданды. Кейін тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, «Есім ханның ескі жолы» аталған заңдық жүйе өмірге келді.
Ата заң біздің ғасырлар бойы дамып, өрбіп келе жатқан дәстүрге сәйкес жасалған. Басты ереже, қағидалардың жиынтығы, атақты «Жеті жарғы» еді. Бірақ заманның ағымына қарай оларды бір қағазға түсіріп немесе міндеттеп, осы мәңгілік деген сынды қағидалар да болды. Жеті жарғы осыдан шыққан. Одан бара-бара өзінің дәрежесінен айырыла бастады. Бертін келе, кеңестік кезеңде алдымен 1924 жылы, кейін өзгерістер мен толықтырулар енгізіп тағы екі Конституция өмірге келді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 28 қаңтарда өзінің алғашқы Ата Заңын қабылдаған болатын. Бірақ 1993 жылғы Конституция кеңестік қағидаларға негізделгендіктен, жаңа қоғам өмірінің талабына жауап бере алмады. Сондықтан, 1995 жылы жаңа Конституция қабылданды. Жаңа Конституцияның ерекшеліктері — заң шығарушы, атқарушы, сот билігін белгілеп, олардың құзіретін, өзара іс-қимыл бірлігін заң тұрғысынан айқындап береді. Баршаңызды Конституцияның 25 жылдығымен құттықтаймын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз баянды болғай!
Ерғали Ермекбайұлы,
Шымкент қаласы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы, полиция майоры