«Аманат» бағдарламасы Әулиеата өңіріне келді

Киіз басу, құрақ құрау, өрнек ою – тарих қойнауынан жеткен өнер. Ол халықпен бірге жасап, өрістеп отырады.Көне заманнан келе жатқан қазақ қолөнері өз халқының дәстүрлі көркемдік мұрасын сақтап келеді. Оны жалғастырып, насихаттау  үшін құрылған «Аманат» бағдарламасы Әулиеата өңіріне келді. Кезінде бабаларымыз жүн­нен киіз басып, теріден киім тіккен. Жауын­герлік бұйымдар мен ыдыс-аяқтарға дейінгі құрал-­сай­мандарды да қолын­дағы бар малының жүн-терісінен дайындап келгені бүгінгі ұрпаққа ертегідей болып көрінетіні рас. Бірді-екілі баба ізін жалғастырған ше­бер­лер болса, олардың туындыларын да анда-санда өткізіліп жүрген қолөнер көр­мелерінде ғана көріп қаламыз. Ал тұрмыс­та қолданудан шығып қалған кейбір бұ­йымдар тек мұражай экспонатына ғана ай­налып барады. Әйтсе де бабалар ізін жал­ғастырып жүрген шеберлер де жоқ емес. Ата дәстүрді атакәсіпке айналдырып, шәкірт тәрбиелеп жүргендері де бар. Біз осындай жандарды насихаттай білуіміз керек. Міне,  «Аманат» бағдарламасы аясында жүзеге асқан бұл шеберлік сабағының мақсаты да халқымыздың ежелден қалыптасқан мәдениетін шыңдау. Мұнда дәріс берушілер қыз-келіншектерге апаларымыздан мұра болған қолөнердің жаңаша технологиясымен таныстырып, құрақ, ойма өнерінің дизайнын құрастыру және өз кәсібін ашамын дегендерге шеберлік сабақтарын ұйымдастырды.

Үйрету алаңына 16-75 жас аралығындағы тігін шеберлері өз өнерлерін шыңдау мақсатында келді. Мұндағы жүзге жуық нәзік жандылар  тек Жамбыл өңірінен ғана емес, Түркістан облысынан да келіп қатысты.  «Аманат» қоғамдық жобасы  еліміздің әлеуметтік-экономикалық әрі қоғамдық өміріне елеулі үлес қосқан  еңбек иелеріне қолдау көрсету мақсатында құрылған. Бағдарламаны бірқатар  зиялы қауым өкілдері  ұлттық мұраны жалғастырудағы басты жоба ретінде қолдап отыр. Технология мықты дамыған қазіргі заманда қолөнерге ескі үрдіс деп қарауға болмайды. Қазіргі уақытта еліміз инновациялық жобаларға үлкен мән беруде. Дегенмен жаңа дүние жасау үшін де тамыры те­рең­де жатқан ұлттық құндылықтарға сү­йенбей болмайды. Көненің өзін жаңа­ша үрдіске ба­ғындырып, заманауи үлгі­де же­тілдіруге болады. Тек бұған жан-жақ­ты қолдау ке­рек.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444