Асар балалар үйі арыстықтарға көмек қолын созды

Арыстағы болған жарылыс тан зардап шеккен арыстық ағайындарға қол ұшын созған азаматтар арасында «Үммет» қайырымдылық қоғамдық қоры болғанын да айта кеткеніміз жөн. Шымкент қаласындағы Асар шағын ауданында орналасқан мына ғимарат жақын күндері салтанатты түрде ашылғалы отырған. Құрылыс жұмыстарының 90 пайызы бітіп тұр, тек канализация құбырларын іске қосу, аула маңын ретке келтіру сынды азын-аулақ жұмыстар қалған. Алайда, Арыста төтенше жағдай туындағанда қол қусырып қарап отыра алмаған құрылтайшы азаматтар бұл ғимаратты ілезде үрейі ұшқан ағайынға паналатуға берді. Бұл әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларын қамқорлыққа алуға даяр, ата-анасынан айрылған немесе жартылай жетім балаларға мектептен тыс  тереңдетіп оқыту курстарын жүргізуге, оларды жатын орын, ас-сумен қамтамасыз ете  алатын Асар балалар үйі болатын.  Мұны балалар пансионаты десек те болады. Іші-сырты мұнтаздай, парталармен, үстел, шкаф, төсек-орын тағы басқа қажетті жиҺаздармен толық жабдықталған, заманға сай үлгімен салынған орталықтің іші кірсе-шыққысыз айнадай.

Қарбалас сәтте  азаматтық танытып, қаншама жерден жаяу-жалпылап келген халықты жауапкершілікпен қабылдаған Сұлтан Ырысдәулетұлы Төреханов былай деді: — Мәжіліс депутаты Нұржан Бауыржанұлы Әлтаев ағамыздың бастамасымен жəне Шымкент қаласының əкімі Ғабидолла Абдрахимов ағамызбен бірлесе отырып Шымкент қаласы, Асар шағын ауданында орналасқан «Ummet» қоғамдық қорына қарасты «Балалар үйі» ғимаратына арыстық 250-ден аса адам келіп орналасты. Оның басым бөлігі балалар, жүкті және емізулі әйелдер, қарт кісілер. Сол күні мұнда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев пен Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Нәдіржан Камалов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова келді. Жарылыстан жапа шеккен арыстықтардың жағдайымен танысу үшін күнгейге ат басын бұрған билік өкілдері арыстықтардың жан-айқайын тыңдады.

Мұнда ертелі-кеш еріктілер де жұмыс істеді. Жұртшылықтың керек-жарағын әкеліп беріп, азық-түлік тасып, ас-суын қамдап берді. Балаларға арнайы жаздық бассейн жасап берді. Неше күн бойы күйзеліп, бойын қорқыныыш жайлаған балалар осында келіп көңілдері жайланғандай, асыр салып ойнап, шомылды. Үлкендер жағы мұндағы мұнтаздай жатын бөлмелерге, зыр жүгіріп қызмет еткен ерікті жастарға алғыстарын жаудырды. Эвакуациялық пункте күндіз-түні кезекші дәрігер Ақмарал Тұрарбекқызы бастаған бірнеше медбике болды. Олар көпшіліктің қан қысымын өлшеп, қажетті дәрі-дәрмегін әкеліп беріп, кеңестерін ұсынды. Сондай-ақ, Қаратау аудандық Тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының қызметкерлері –сол жердегі жатын орын, асхана, дәретхана тазалықтарын ұдайы қадағалауда ұстады. Оқиға орнында күйзеліске тап болған тұрғындарға психолог Самал ханым да көмек қолын созды, олардың көңіл-күйлеріне зер салып, айтқан уәждерін тыңдаған Самал көпшілікті барынша тыныштыққа шақырып жатты.

Сонымен қатар ізігілікке құмар, жомарт жандар қатарына Нұрдаулет Барат, Тасов Өмірзақ, Рауан Досжан, Абдулрахым Ашимов, Құрмашев Сабырәлі, Сапар Тілеуов, Шыңғысхан Асанов және «Мейірімді жастар еріктілер» тобын жатқызуға болады. Мұндағы аты аталған жастардың барлығы үш күн бойы ақысыз тік тұрып қызмет еткен қайырымды жандар. Еңбектері өте зор.

Арыс қаласының тұрғыны, Асар балалар үйіндегі эвакуациялық пункте болған Ләззат Тайталиева: — Бізге ертелі-кеш мейірімділік танытқан, қабақ шытпай тамағымызды пісіріп, қажетті заттармен қамтып жәрдемдескен «Асар балалар үйінің» ұжымына алғыстан басқа айтарымыз жоқ, — дейді. Асар балалар үйінің атқарушы директоры, осындай маңызды жобаның басы-қасында жүрген қайырымды азамат Мұхаммедәмин Құрманәлі («Үммет қоғамдық қорының президенті) екенін айта кетейік. Қазағымның бірлігі мен берекесі арта берсін! Аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын!

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444