ЭКСПО көрмесі алаңында АҚШ ұлттық күндері өтіп жатыр
4 шілде Америка Құрама Штаттарының өз тәуелсіздігін мерекелейтін күні. Бұл мемлекеттің егемендігіне биыл 241 жыл толып отыр. Ал биыл бұл айтулы мереке ЭКСПО 2017 көрмесіндегі АҚШ-тың Ұлттық күнімен тұспа-тұс келді. Бұл күні ЭКСПО алаңында Америка павильонының ашылу рәсімі өтіп, келушілерді сән-салтанатпен күтіп алды. Құрама штаттан келген өнерпаздар қазақ тілінде ән шырқап, қамажай биін биледі. Сонымен қатар, әлемдік әнші Мая Азусена әдемі әнімен тыңдаушылардың құлақ құрышын қандырды. Осы күні есігін айқара ашқан АҚШ павильоны меймандарға Энергияға толы кеңістікте жүргендей күй сыйлады. Болашақ қуат көзін айқындайтын фильм көрсетілді. Артынша бір мезгілде үш үлкен экраннан «Өмір энергиясы» деп аталатын таңғажайып шоу ұсынылды. Мұнда Құрама Штаттар мен Қазақстан арасындағы достықтың дамуы жайлы толық мәлімет берілген. Джордж Крол, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі: — Шексіз энергияның көзі — әрқайсысымызда бар. Бұл арманымызды асқақтатып, жетістікке жету жолында бәрімізді біріктіретін қуат. Сондықтан Астанадағы ЭКСПО көрмесіне келген әр адам өзіне ерекше қуат алып қайтады деп айта аламын. Қазақ елінің төріндегі халықаралық шараға туристердің барлығы келіп, өз көзімен көруі керек. Сонда ғана, Қазақстанның болашақ энергиясын қалай жүзеге асыратынына куә болады, -дейді.
«Мен бұл салтанатты шараға қатысып отырғаныма қуаныштымын. Америка Құрама Штаттарының біздің көрмемізге қатысуы — біз үшін өте маңызды. Өйткені дүниежүзіндегі жетекші елдің жаңғыртылған энергетика саласында жеткен жетістіктері көп. АҚШ-тың ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы қаншалықты маңызды екендігін бәріміз жақсы түсінеміз деп ойлаймын. АҚШ павильонының ашылуына үлес қосқандарға, демеушілерге, мұнда ұсынылған және біз тығыз байланыс орнатқан компаниялардың барлығына алғысымды білдіргім келеді», — деді «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов. «Астана ЭКСПО» басшысы 25 жыл ішінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланыс жақсы дамып, көптеген америкалық компаниялардың Қазақстанда жұмыс істеп жатқанын атап өтті. А.Есімов Қазақстандағы АҚШ-тың Төтенше және Өкілетті елшісі, павильон комиссары Джордж Кролға ерекше алғыс білдірді. Оның айтуынша, АҚШ-тың көрмеге қатысу мәселесі оңайлықпен қабылданбаған, алайда екі жақты күш біріктіру нәтижесінде мәселе оң шешімін тапты.