Қаракемерде «Айсұлтан» балабақшасы ашылды
Еліміздің ең маңызды мерекесі қарсаңында тірлігі мен бірлігі жарасқан Қордай ауданы Қаракемер ауылының тұрғындары бала тәрбиесіне арналған заманауи нысанның ашылуына куә болды. Бұл күнгі салтанатты іс-шараға аудан әкімі Болатбек Байтөле, ауыл тұрғындары және өзге қадірменді қонақтар жиналды. Мерекеге келген көпшілік бірін бірі Тәуелсіздік күнімен құттықтап, балғындардың құтты қадамына игі тілектерін арнап жатты. Ең әуелі Қаракемер ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерғазы Бозжаев сөз алып, ақ жарма тілегін білдірді. Сонымен қатар, ауыл тұрғыны Ноғай Жайықбаев құттықтау сөз сөйледі.
Кейіннен Ерғазы Бозжаев пен Ноғай Жайықбаев ақсақалдар көпшілік алдында салтанатты түрде балабақшаның лентасын қиып, ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Осыдан кейін қонақтар есігін айқара ашқан ғимараттың ішіне кіріп, танысты. Жалпы, жүз орындық мектепке дейінгі білім беру мекемесінің жобалық құны отыз миллион теңгені құрапты. Жарық және жылы бөлмелер заманауи үлгімен жабдықталған. Білікті тәрбиешілер бүлдіршіндерге тағылымды тәліммен қатар, үш тілді меңгеруге де үйретеді. Мұнымен қоса, балабақшада балғындардың бойына ұлттық тәрбиені сіңіріп, салт-дәстүрді дәріптеуге жағдай жасалады. Салауатты өмір салтын ұстанатын балаларға дәрігерлер күн сайын қарайтын болады. Қай ғасырда болсын, тәрбие мәселелерi назардан тыс қалып көрген емес. Бала тәрбиесi — мемлекеттiң аса маңызды мiндеттерiнiң бiрi. Елбасымыз Н. Назарбаев өзiнiң Жолдауларында егемен елiмiздiң азаматтарын қалыптастыруда тәрбие жұмыстарының ерекше рөлi барын баса айтып келедi. Баланың қоғамдық әлеуметтiк дамуына мектепке дейінгі мекемлердің алар орны орасан. Себебі, жас шыбықтай иілгіш бүлдіршіндердің нағыз қалыптасар шағы балабақша жасында екені даусыз. Сондықтан бөбекжайлардың санын арттырып, балалардың жағдайын жасау басты назарда болуы заңдылық. Осы мерекелік іс-шараға келген ауыл тұрғыны, төрт баланың анасы Перизат Азахунова: «Ауданымызда балабақшалар көптеп ашылуда, міне бүгін біздің ауылымызда да осындай қуанышты сәт туды. Мұндай қуанышты Елбасының саясаты мен Тәуелсіздігіміздің арқасы деп білемін. Айта кететіні, балабақшада жиырма екі азамат қызмет етеді. Соның бірі менмін. Ауылда жаңа жұмыс орнын ашқан кәсіпкерге алғыс айтамын. Осындай балабақшалар елімізде көбейе берсін деп тілеймін», – деді.