Аудан фермерлерін ұйымшылдықпен жұмыс істеуге шақырды

Т.Рысқұлов аудан әкімдігінде Жамбыл облыстық фермерлер одағының төрағасы Жигули Дайрабаевтың қатысуымен аудандық фермерлер одағының бір жылдық есеп беру жиналысы өтті. Аудандағы одаққа мүше шаруа қожалық жетекшілерінің басын қосқан жиынға аудан әкімі Асқар Қырықбаев төрағалық етті. Алдымен аудандық фермерлер одағы төрағасының міндетін уақытша атқарушы Нышанбек Көкірекбаев сөз алып, ағымдағы жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстарды баяндап берді. Келесі кезекте Жигули Молдахалықұлы ауылшаруашылығы саласындағы бірқатар мәселелерді көтеріп, оның шешілу жолдарын бірігіп іздеу қажеттігін жеткізді. Әсіресе, қант қызылшасын өсіруде қиындықтар көп екен. Қант зауыттарындағы бағаның төмендігі, техниканың жоқтығы мен су тапшылығы шаруалардың ең бір өзекті, бас ауыртар мәселесі көрінеді.

– Ауылшаруашылығын бәріміз жаппай қолдап, атқарушы билікке талабымызды қоймасақ, бұл мәселелер күрмеуі шешілмеген күйі қалып қояды. Сондықтан да біз мәдениетті, ақылды түрде осы айтылғандарды тиісті орындарға жеткізуіміз керек. Мәселен, біз Астанада ауылшаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевпен кездесіп, мәмлеге келдік. Мен қант қызылшасын Жамбыл облысында өсіру жайын қозғап, шаруаларға қаржылық қолдау қажеттігін, ең төменгі пайызбен техника алу жолдарын қарастыру мәселесін көтердім,-деген облыстық фермерлер одағының төрағасы шегірткемен күрес, жанар-жағар майдың қымбаттығы жөнінде де сөз қозғады. «Бізге қарап отыруға болмайды.  Егер біздің басымыз біріксе, өз мәселемізді өзіміз шешетін мүмкіндігіміз бар. Сіздер үнсіз отырсыздар. Еңбек адамына, фермерге деген құрмет бірінші кезекте болуы керек. Біз осыны неге айтпаймыз» дей келе, аудан фермерлерін ұйымшылдықпен жұмыс істеуге шақырды. Ол үшін 2015 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан аудандық фермерлер одағының мүшесін көбейтуді ұсынды. Айталық, аудандағы 1356 шаруа қожалықтарының 100-ге жуығы ғана одаққа мүшелікке кірген. Егер де барлық қожалық жетекшілері мүшелікке өтсе, сөздері өтімді үлкен күшке айналары сөзсіз. Өз кезегінде Амангелді Қабылханов, Болат Испанқұлов, Үтілді Тойғанбеков, Бейсен Таңбаев сынды ауыл шаруашылығы саласында қажырлы еңбек етіп жүрген азаматтар сөз сөйлеп, жоғарыда аталған мәселелерден бөлек тау суын алқап басына бағасы арзан пластик құбырлармен жеткізуді алдыға тартты. Жиын барысында аудан әкімі Асқар Санатұлы тау суын діттеген жерге ысырапсыз жеткізу мақсатында бюджеттен 110 млн. теңге бөлініп, пластик құбырларды салу жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Биыл қызылша еккен шаруаларға суды тегін бергізгенін де атап өтті. «Қызылшаны тегін суғардық» дегенді естіген облыстық фермерлер одағының төрағасы «Мұндай тәжірибе өзге аудандарда жоқ. Олар жаз бойы ақылы негізде суғарып келді» деп аудан әкіміне ризашылығын білдірді. Жиын соңында қожалық басшыларының бірауыздан қолдауымен «Ермағанбет» шаруа қожалығының жетекшісі Есен Бекенов аудандық фермерлер одағының төрағасы болып сайланды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444