Асыл тұқымды герафорд және ангус бұқаларын баққан шаруашылық

Зайнап Мұстафаева кеңес өкіметі тұсында аудандық тұтынушылар одағында еңбек жолын қатардағы экономистен бастап, осы кеңседе жоспарлау бөлімінің бастығы, басқарма бастығының сауда ісі жөніндегі орынбасары сияқты қызметтерді зейнетке шыққанша мінсіз атқарды. Былайша айтқанда, сауда-саттықтың ыңғайын жетік білетін білікті маман. Бүгінгі нарықтық -кооперативтік бизнесті, оның құпия сырларын бір кісідей-ақ жақсы біледі. Сондықтан ол зейнетке шыға салысымен көп ойланып-толғанып жатпай ет пен сүт бағытындағы ірі қара өсіруді жедел қолға алды. Ең алдымен «Шамиль» шаруа қожалығының өрісін түгендеуден бастады. Құмдағы «Қосқұдық» учаскесінен 300 гектар жайылымдық жер тауып, таудан да сауын сиырдың өрісіне деп 116 гектар жайылым алды. Сауда ісінің саңлағы қаражатсыз ешбір іс бітпейтінін жақсы біледі ғой. Соны ескеріп, «Құлан-Дән» несие серіктестігіне келіп, ел қатарлы кіріспе жарнасын төледі. Көп ұзамай қожалық сауын сиырлардың санын 300 басқа жеткізді. Ал, асыл тұқымды герафорд және ангус бұқалары аз уақыттың ішінде ет сатып алушылардың көзіне ілікті. Өйткені, бір жастан жаңа асқан тайыншаның тірідей салмағының өзі 280-300 келіге, ал, екі жылдық бұқалардың салмағы 300-400 келіге дейін салмақ тартатын. Орташа есеппен алғанда бір осындай семіртілген бұқаның құны 450 мың теңгеден кем болмаушы еді.

– Қазір сол герофорд тұқымының 26 басы, шетелден әкелінген 7 ангус бұқасы табында жүр. Осының барлығы «Құлан-Дән» серіктестігінен төрт мәрте алған 40 миллион теңге несиенің көмегі, -дейді қожалық жетекшісі Зайнап Мұстафаева. -Біз 2005 жылдан бері малды жайып семіртіп, күн суытысымен қораға әкеліп байлап, ұдайы бордақылап келеміз. Қазір қамбаға 500 тонна арпа сатып әкеліп, малдың жемін алдын ала әзірлеп қойдық. Біздің бір мезгілде 130 бас тайынша байлай алатын ангарымыз бар. Күн суыта салысымен өрістегі бұқашаларды мал бордақылау алаңына қоямыз. Тайыншаларды тәжірибелі мал бордақылаушы Мырзабек Абдурахмедов семіртеді. Өрістегі, қорадағы малға ұлым Шамиль ие, былайша айтқанда, ол – біздің басқарушымыз. Қожалықта төрт жұмысшы, екі сиыршы бар.

бұл – отбасылық бизнес қой. Қалай десеңіз де қожалықтың «Құлан-Дәннен» алған көмегі көрініп тұр. Отбасылық бизнесі шынында да ел қызығатындай-ақ, екен. Соңғы кезде олар сатып әкелген екі асыл тұқымды бұқаның төлқұжаты бар екенін тілге тиек етті. Демек, келешекте жұрт осы қожалықтан аты әлемге мәлім герофорд және ангус тұқымды бұқалар мен құнажындарды сатып алмасына кім кепіл бола алады. Бәрін де уақыт көрсетеді. Әзірше қожалықтың аяқалысы жаман емес.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444