Жер бос жатпай жұмыс істеуі керек

Таяуда Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Тоқтарбайұлы Мұсаев Айдарлы, Бірлік, Биназар, Күшаман ауылдарында болып, егін егумен айналысатын шаруа қожалықтарының жетекшілерімен кездесті.       Кездесулерде әңгіме арқауы суармалы егістік алқаптарын агротехникалық талаптарға сай күтіп-баптау, күздік сүдігер жырту, егін шаруашылығының басым бағыттарын айқындау, қандай дақыл егуді нарық қатынастары талабына сай орайластыра жүргізу, Биназар, Бірлік, Богдан, Сануй, Оңғарбай, Коминтерн каналдарының суын тиімді пайдалану жайы сөз болды. Аудан басшысы алдымен Айдарлы ауылдық округінде жол бойында Бірлік каналының іргесіне егін егіп, нәпәқасын айырып отырған шаруалармен кездесті.

-Жер — ана күтіп – баптап аяласа, мейірімін төгіп, еккен егін мол өнім беретіні аян. Облыс әкімінің тапсырмасына сай суармалы жерлерді тиімді пайдалануымыз қажет. Басқа біреуге жалға беріп, өзі алғалы қол ұшын тигізбей, жеріне жыңғыл, шеңгел, жиде, қарасораның қаптап өсуіне жол бергендердің жері кері қайтарылады. Облыста дихандарға қол ұшын беруді мақсат тұтқан механикаландырылған жасақ құрылды. Осы мекеменің филиалдары Жамбыл, Шу аудандарына орналастырылып 1 К-700, 2 МТЗ-80 тракторы, тұқым сепкіш, у шашатын техника алынып берілді. Аудан дихандары егін егу, жинау науқаны кезінде осы механикалық жасақтың (мехотряд) техникаларын белгілі бір ақыға жалдауға мүмкіндік алады. Ауданымыздан «Казводхоз» мекемесіне қарайтын өндірістік учаскесін (ПУ) аштық. Оның басшылығына тәжірибелі су маманы Әшімхан Оразалиевті қойдық. Учаскеге техника, кеңсе береміз. Биназар, Бірлік каналдары мемлекет меншігіне алынады. Иелерімен келісілді. Өндірістік учаске Биназар, Бірлік, Сануй, Богдан, Оңғарбай каналдарына гидрожүйе салып, шаруа қожалықтарына берілген судың ақысын жинаумен, суды бөлумен айналысады. Әр шаруа қожалығы осы учаскемен егін суын пайдалануға келісім-шартқа отыруы керек. Мехотрядтың күшімен каналдарды қайырдан тазалаймыз. Қазір ұзындығы 4 шақырым болатын Сануй каналын Досжан Тоқбергенов басқаратын «Талас-Аса» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аршумен айналысуда. Жер тозып барады. Күтім жоқ. Топыраққа қажетті тыңайтқыш берілмейді. Мехотряд басшылығымен арзан бағаға (гектарына 8,5 мың теңге) сүдігер жыртуға келістік. Шығымы нашар, қарасора басып кеткен, өнімді аз беретін жерлеріңізді жыртуға дайындаңыздар. Жалпы өзімізге қолайлы жүгері, арпа дақылдарын егуге дағдылану керек. Енді жерді алып, өзі екпей бос ұстайтын немесе жалға беретіндердің жолы кесіледі. Жақын арада ауданда жер инспекциясы ашылады. Жерді пайдаланбай тоздырып жіберген шаруаларға салынатын айыппұлдың мөлшері мәслихаттың шешімімен 10 есеге өсірілді. Бір сөзбен айтқанда, жер бос жатпай жұмыс істеуі керек,- деді Мәден Тоқтарбайұлы.

Аудан басшысының сөзінен кейін айдарлылық шаруалар Несіпбай Есілбаев, Балтабай Сұраншиев, Қанат Елубаев, Пернебай Алдабергенов, Көпбосын Шаденов, Батырхан Расилов, Мираш Тағыбаева, Әуесхан Аманқұлов және тағы басқалары жерлерін жыртқызып, көктемде жүгері егуге ниеттері бар екенін білдірді. Диқандар тарапынан аудан әкіміне түрлі сауалдар қойылып, оған тұшымды жауап қайтарылды. Түстен кейін аудан басшысы Бірлік ауылындағы «Желтоқсан» клубында бірліктік диқандармен кездесіп, өзінің келгендегі мақсатын жүйелеп түсіндіріп берді. Сонау Кеңес заманында «Көктерек» қой совхозы мал өсіріп, егін, бау-бақша егетін іргелі шаруашылықтардың қатарында болды. Ауылдың жері жақсы. Қандайда болса дақылды егіп, күтсе жайқалып өседі. Тек оған ынта, сабырлылық пен еңбекқорлық керек. Мұнда диқандар Қосым Байрамов, Т.Құрманалиев, Дүйсен Ақылбеков, Дауылбай Шолпанқұлов өздерінің жерге қатысты сауалдарын қойып, оған нақты жауап алды.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444