Кәріс ұлтының өкілдері үлпіршек пісірді
Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы асясында түрлі этнос өкілдері арасында «Қазақ дастарханы» атты онлайн челлендж өткізіліп, Шымкент қаласындағы еврей, грузин, өзбек, армян, әзербайдан этномәдени бірлестіктері қазақтың бас тағамы – бесбармақты қалай дайындау үлгілерін көрсетіп, дастарханнан дәм татқызды. Соның бірі, Шымкент қалалық корей этномәдени бірлестігінің мүшелері қазақ халқының көнеден келе жатқан тағамы — «Үлпіршекті» әзірледі.
Үлпіршек – тұрмысқа кеткен қызға берілетін сыбаға. Төркіндеп келгенде не болмаса арнайы беріп жіберіп отырған. «Бізден кетсең де жүрегіміздесің» деген ойдан туған. Сиыр не жылқының жүрегінен жасалады. Жүректің үшкір жағы емес, төменгі тұсынан тесіліп, тазаланып, жуылады. Ішін қатпаршақтап тіледі. Осы қуыстарға қыстан қалған қазы, құйрық май, сүрленген етті ұсақтап турап, сарымсақ пен дәмдеуіштер араластырып, тығады. Сосын қазы секілді қуысты жіппен тігеді. Оны етпен не болмаса жеке өзін пісіруге болады. Кезінде үлпіршекті аналары ұнның арасында қыс бойы сақтаған екен.