600 тонна мақсары майы экспортқа шығарылған

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облыстық департаменті «Protecting business and investment» жобасын жүзеге асыру аясында бұқаралық ақпарат құралдарының  өкілдерімен баспасөз турын өткізді.

Отандық және шетелдік инвесторлардың құқығын қорғауға бағытталған аталмыш жобаны кеңінен насихаттап, инвесторлардың өтініш-тілектерін білу үшін ұйымдастырылған баспасөз туры барысында өңір журналистері мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облыстық департаменті, «Атамекен» ҚР ұлттық кәсіпкерлер палатасы, өңіріміздегі инвесторларға және кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, сондай-ақ, «Кazakhinvest» ұлттық компаниясы»  акционерлік қоғамының қызметкерлері  ең әуелі Шу ауданына атбасын бұрды.

Аудан іргесіндегі Бірлік ауылдық округінде орналасқан «KazIrAgro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болған тілшілер тобы мақсары майын өндірумен айналысатын компанияның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. 2006 жылдан бастап Шу ауданы аумағында жұмысын бастаған кәсіпорын ағымдағы жылдың үшінші тоқсанына дейін Еуропа елдеріне 600 тонна мақсары майын экспортқа шығарыпты. Сонымен қатар, кәсіпорын тәулігіне 3 тонна мақсары майын өндіруге қауқарлы екен. Оған қоса, биыл қосымша құрылғы сатып алып, жыл соңына дейін өнім көлемін едәуір арттыруды көздеп отырған көрінеді. Кәсіпорын басшылығы «Safloria» атауымен шығатын өнімді бұған дейін Қытай мен Ресейге, Нидерланды мен Чехияға экспорттап келсе, олар биыл өз өнімдерін жапондықтарға жөнелтіпті. Осылайша, олар Жапон елінің нарығына шығып отырған еліміздегі тұңғыш кәсіпорын саналып отыр. Тәулігіне тонналап дайын өнім шығарып, оны экспорттаумен айналысатын серіктестіктің аудан аумағында мақсары, арпа, бидай өсіретін егістік жері де бар. Серіктестіктің бас директорының орынбасары Марина Фетиссова қымбат техника алуға мүмкіндігі жоқ жергілікті диқандарға қолайлы болу үшін қолжетімді бағада комбайн құрастырумен айналысатындарын да айтады. Өндіріс ошағының тыныс-тіршілігімен танысқан тілшілер зауыттың май құю желісі мен дайын өнімге арналған бірнеше қоймасында болып, өнімнің қалай дайындалатындығын көзбен көрді.

Бұдан кейін баспасөз туры Т.Рысқұлов ауданындағы «Шаушен» шаруа қожалығында жалғасын тапты. Құрылғанына ширек ғасырға жуық уақыт болған шаруа қожалықтың негізгі бағыты – асыл тұқымды мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын дамыту. Журналистер мұнда 200-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған қожалықтың тынысымен танысты.

Айта кету керек, үстіміздегі жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облыстық департаменті Жамбыл облысының инвесторларға және кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, облыс әкімдігі және «Кazakhinvest» ұлттық компаниясы»  акционерлік қоғамының Жамбыл облыстық филиалымен бірлесіп, инвесторларды сыбайлас жемқорлықтан қорғау мақсатында «Protecting business and investment» жобасын жүзеге асыруды қолға алған болатын. Жүзеге асырылғанына көп уақыт болмаса да, аталмыш жоба аясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облыстық департаменті жалпы құны 161 миллиард 931 миллион теңгені құрайтын өңірдегі инвестициялық жобаларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу туралы 5 келісімге қол қойыпты.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облыстық департаментінің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Дәурен Омаров  бүгінгі таңда аталмыш жоба аясында бірқатар шаруалардың атқарылғандығын айтады.

– «Protecting business and investment» қазіргі кездегі маңызды жобалардың бірі. Шетелдік инвесторлар бұл жоба аясында тікелей заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдар тарапынан көрсетілетін қызметтерді алып отырады. Мәселен, олар кез келген уақытта әкімшілік кедергілер мен қолайсыздықтарға тап болуы мүмкін. Осындай келеңсіздіктер орын алған жағдайда «KAZAKHINVEST» ұлттық компаниясы»  акционерлік қоғамы мен облыс әкімдігі инвесторлардың құжаттарын рәсімдеуге қолұшын берсе, біздің мекеме мамандары орын алған заңсыздықтардың тезірек шешілуіне барынша ықпал жасайды, – дейді Дәурен Даниярбекұлы.

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444