Жамбылда жылдың ең үздік психологы анықталды
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы республикалық «Ең үздік жыл психологы» байқауын өткізіп, үздік психологты анықтады. Алматы қаласында қараша айының 11-13 күндері аралығында өткен VII республикалық сайысқа Жамбыл облысынан төрт педагог-психолог қатысып, жүлделі бірінші орынды жеңіп алды.
Атап айтсақ, Шу ауданындағы С.Естемесов атындағы шағын орталықты орта мектебінің педагог-психологі Айнұр Секербекова, Т.Рысқұлов ауданындағы Қ.Сұлтанбеков атындағы шағын орталықты орта мектебінің педагог-психологі Жаңылкүл Қалмаханбетқызы, А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің педагог-психологі Гүлжан Қырықбаева, Меркі ауданы №39 Т.Қожакеев атындағы мектеп-гимназиясының педагог-психологі Гүлзада Асубаева әділқазылардың шешімімен үздік деп танылды.
Сондай-ақ, аталған сайыста психологтар конкурс талаптарына сай педагогикалық, психологиялық сұрақтарға жауап берді. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған шара төрт кезең бойынша өрбіді. Оған жыл басынан бері шалғай елді мекендердегі білім орнындағы психолог мамандар әуелі аудандық, содан кейін облыстық іріктеулерден өткен. Сондықтан, республикалық жарысқа өңірлердегі ең мықты психологтар келді. Жалпы, ірі мегаполистер мен орталықтан алыс орналасқан ауылдарда психолог тапшы. Төрт жүз балаға бір психолог керек болса, кейбір мектептерде 800 баланың жан дүниесіндегі өзгерістерге бір-ақ маман жауапты. Мектепте бала саны шамадан тыс көп болғандықтан, олар әр баламен жұмыс істеп үлгермейді.
Мектеп оқушыларының жазатайым жағдайларға душар болу дерегі жиі кездеседі. Бұл ретте ата-аналармен қатар мектеп психологтарына артылар жүк салмақты. Сонымен бірге, авторлық бағдарламаларымен таныстырып, психологиялық-педагогикалық жағдайларды шешу жолдарын ұсынып, кәсіби біліктіліктерін көрсете алды. Конкурстың басты мақсаты талантты, шығармашылықпен жұмыс істейтін, өз кәсіптік біліктілігін көрсете алатын психологтарды анықтау, қолдау және мадақтау (ынталандыру) болып табылады.Жалпы алғанда бұл байқауға 14 облыстан 96 педагог-психологтар (3 категориядан тұратын: І категорияда үш жылға дейінгі, ІІ категорияда- 3-6 жылға дейінгі, ІІІ категорияда жеті жылдан асқан жоғары еңбек өтілімен жұмыс жасайтын) қатысты.