Премьер-Министр Б.Сағынтаев Жамбыл облысына іс-сапармен келді

Жамбыл облысында жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Жамбыл облысының кәсіпкерлерімен кездесті.

Кездесудің мақсаты — өңірдегі жағдай туралы халық аузынан естіп-білу, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын талқылау және оларды одан әрі іске асырудың бірлескен жоспарларын белгілеу. Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөліп, бизнесті қолдау мен дамытудың «Бизнестің жол картасы–2020» мемлекеттік бағдарламасы бизнеске қолдау көрсетудің тиімді құралы екенін айтып, оған жыл сайын қосымша 30 млрд тг бөлумен 2025 жылға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.

Премьер-Министр кәсіпкерлердің назарын қарапайым заттар экономикасына, өңірдегі әлеуметтік экономика мәселелеріне аударды. Б. Сағынтаев Жамбыл облысы үшін маңызды болатын жобаларды тауып, оларды дамыту қажеттігін айтты. Бұл мәселе облыс деңгейінде шешілуі тиіс.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Э. Жұмағазиев өз кезегінде өңірдегі ШОБ-тың дамуы туралы баяндады. Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында Жамбыл облысында биыл 2000 адам оқытудан өткен. Оқытуды аяқтағандардың 98% өз бизнес-жобаларын қорғаған. Э. Жұмағазиевтің айтуынша, бұл бағдарлама халықтың табысын арттыруда жақсы серпін бола алады.

Кездесу барысында сонымен қатар өңірдегі кәсіпкерлер сөз сөйлеп, Президент Жолдауында айтылған бастамалардың маңыздылығын атап өтті, оған қолдау білдірді. Өңірлік Кәсіпкерлер палатасы кеңесінің төрағасы, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры М. Ескендіров Президент Жолдауын қолдау аясында кәсіпорын жұмыскерлерінің жалақылары 13,5%-ға көтерілгенін хабарлады.

Ол сонымен қатар өңірдегі бизнес қауымы тариф түзу саласындағы жаңалықтарды мұқият қадағалап отырғанын, әсіресе, электр энергиясына тарифтің төмендеуін асыға күтетінін атап өтті.

Жамбыл облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры М. Шәкербек облыстағы өнеркәсіптік кешен жалпы өңірлік өнімнің 17%-дан астамын құрайтынын атап өтті. Президент Жолдауында өңдеу өнеркәсібін дамытуға айрықша көңіл бөлінген. Осыған байланысты, өңірде өңдеу өнеркәсібінің барлық нысандарында скрининг жүргізілді – жұмыс істеп тұрған 596 өндірістік кәсіпорын қамтылды. Талдау нәтижесі бойынша өндірістік кәсіпорындарды қолдаудың Жол картасы әзірленді. Бұл карта аясында облыс әкімдігінің құрылымдық бөлімшелері мен аудандық әкімдердің тарапынан қаржылай емес қолдау көрсету көзделген.

«Тараз металлургия зауыты» ЖШС бас директоры Н. Рабатов «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзарту шешіміне, сондай-ақ, тариф қалыптастыру тұрғысынан табиғи монополиялар саласындағы реформаларға түсініктеме беріп өтті. Бұған қоса, Н. Рабатов зауыт қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру шараларына тоқталып өтті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444