Агро сала қызметкерлері ауылшаруашылығы күніне орай марапатталды

Жуырда Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінде ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Жиынға ауданның агроөнеркәсіп саласының барша мамандары мен ардагерлері қатысты. Сонымен қатар, ауданның Құрметті азаматтары, әкімдік мүшелері, ауылдық округ әкімдері мен мекеме басшылары да қатысып отырды.

80 жылдық тарихы бар Т.Рысқұлов ауданы Кеңес дәуірінің өзінде-ақ аграрлы аудан ретінде Одаққа аты шығып, бүгінде сол бір тұғырдан әлі де түсе қойған жоқ. Елбасы тапсырмасын қазірдің өзінде орындап, заманауи технологияларды барлық салаға етене ендіруге күш салған өңір облыстың іргелі аудандарының біріне айналып, әлеуеті артып келеді. Жақында ғана ауданымыз Жамбыл облысы бойынша ауылшаруашылығы саласын дамыту бағытында ең үздік үштіктің қатарынан көрінуі жоғарыдағы сөзіміздің айқын дәлелі. Осынау жеткен биік белес аудандық ауылшаруашылығы қызметкерлерінің жемісті еңбегінің нәтижесі деп білеміз. Қазіргі таңда аудан экономикасының негізгі өндіріс саласы осы ауыл шаруашылығы болып есептеледі. Соған сәйкес жыл сайын егіс дала жұмыстары жоспарлы көлемде орындалуда. Егін шаруашылығын дамыту, әртараптандыру және сандық көрсеткіштен сапалық көрсеткіштерге қарай бет бұру бағытында тиісті жұмыстар жоғары деңгейде атқарылып  жүр. Мәселен, биыл жаздық арпа 47444 гектар (103,7 пайыз), жаздық бидай 3208 гектар (100,2 пайыз), дәндік жүгері 105 гектар (105 пайыз), қант қызылшасы 510 гектар (102 пайыз), көпжылдық шөп 2946 гектар (101,6 пайыз), майлы дақыл мақсары 16916 гектар (100 пайыз), картоп 514 гектар (102,8 пайыз), көкөніс дақылдары 400 гектар (100 пайыз), бақша 108 гектар (108 пайыз) алқапқа себілген. Соның нәтижесінде аудан бойынша 86666 гектар масақты дақыл өз мерзімінде толық орылып, орташа өнім гектарына 25,3 центнерден алынған. Ала жаздай тынымсыз еңбек еткен диханшылар астықтан шашау шығармай қамбаға 224600 тонна астық құйыпты. Осы бір сәтте масақты дақылдың әр гектарынан 32 центнерден өнім алған «Шәушен» шаруа қожалығын, әр гектардан 28 центнерден өнім алған «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Бай Алғабас», «Қайқы», «Мақпал», «Ақтоған», «Ернар», «Сұлтан би» «Әзімбек», «Ернұр», «Аян», «Береке-20», «Алтын тау», «Нартай», «Құлбарақ», «Қарақыстақ», «Шалқар», «Нұрдәулет» сияқты шаруа қожалықтарының ерен еңбегін атап өткен жөн болар.

Ауданда мал шаруашылығы да дұрыс жолға қойылған. Бүгінде ауданымызда ірі қара 34400-ге, қой-ешкі 450890-ға, жылқы 15826-ға, құстар 107713-ке, түйе 67 басқа жетіп отыр. Аудан бойынша 2018-2019 жылғы мал қыстату науқанына 197450 тонна шөп, 15340 тонна сабан, 63750 тонна жем дайындалып, жоспар артығымен орындалған. Бұл аудан шаруашылықтары мал қыстату науқанына толық дайын екендігін көрсетеді.

Ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуші 27 шағын кәсіпорындар, цехтар орналасқан. Оның ішінде: 11 диірмен, 10 наубайхана, 2 шұжық өндіру цехы, 2 май шығару цехы, 1 сүт өңдеу цехы, 1 қымыз өндіру зауыты тіркелген. «Ақтоған» шаруа қожалығының макарон шығару цехында 20 түрлі макарон өнімдерін шығарып, облыс көлемінде сауда-саттық жұмыстарын жүргізуде. «Досқайнар» мен «Ұлы Сұлтан» шаруа қожалығының шұжық цехтары сұраныс арқылы 10 нан астам түрін шығарып, тұтынушыларға өз өнімдерін ұсынып отыр. Ал, «Шәушен» шаруа қожалығының қымыз өндіру зауытында жылына 110 тонна қымыз өндіріліп, аудан, облыс және Алматы мен Астана қалаларының тұрғындарына сапалы өнім ұсынуда.

2018 жылдың 10 айында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 22,3 млрд. теңгені құраған. Оның ішінде, егін шаруашылығы – 12,3 млрд. теңге болса, мал шаруашылығы бойынша – 9,9 млрд. теңге шамасында. Ал, жыл басынан бері ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласына 2,2 млрд. теңгенің инвестициясы тартылған.

Салтанатты жиын барысында аудан әкімі Асқар Қырықбаев сала мамандарын құттықтап, сөз сөйледі. «Бүгін біз ауданымызда ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің кәсіби мерекесін тойлап отырмыз. Жақында өткен облыстық ауылшаруашылығы күнінде біздің аудан үздіктердің қатарынан көрініп, ІІІ орынға ие болдық. Оның бәрі мына сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасында болды. Мен аудан әкімі ретінде және де халықтың атынан сіздерге рахмет айтып, барлығыңызға басымды иемін. Біз жыл сайын осы салаға айрықша көңіл бөлеміз. Себебі, ауылшаруашылығы саласы – аудан экономикасының негізгі өндірісі. Биыл біз облыс тапсырмасын толық орындай алдық. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында дәл осындай дәрежеге жетіп отырмыз» -деп бірнеше мамандарды І,ІІ,ІІІ-дәрежелі «Еңбек даңқы» белгілері мен «Ауыл еңбегі үшін» медальдары және облыс пен аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады. Аталмыш төсбелгілер мен медальдарды кеудесіне таққандардың қатарында Серікбай Дәлібаев, Тілеу Пірәлиев, Жұлдызбек Райсов, Әбілхайыр Таштанов, Жексенбі Мәткерімов, Ертуған Әліпбаев сынды азаматтар болды.

Аудандық диханшылар келесі жылы тың игеру жұмыстарын ғылыми тұрғыдан жүргізетін болады. Сол себепті де, салтанатты жиынға ауылшаруашылығы саласында жаңа технологияларды қолдануға ғылыми тұрғыдан әдістемелік көмек көрсетіп келе жатқан Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің оқытушылары, профессорлары Гүлнар Мырзабаева, Бекқали Жумагелдинов, Канапья Ромашев, Сәуле Темірбек сынды құрметті қонақтар да қатысып отырды. Аталмыш ғалымдардың көмегімен диханшылар келер жылы ауданымызда 100 гектар жерге соя өсімдігін өсіруді жоспарлап отыр екен. Кәсіби мерекеде басқа да ауылшаруашылығы еңбеккерлері түрлі марапаттар иеленіп, оларға бағалы сыйлықтар да табыс етілді. Салтанатты жиын М.Өзбеков атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарламаға ұласты.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444