Франция ЭКСПО көрмесіне отандық электромобильдерін ұсынды
Франция павильоны 1084 шаршы метрді құрайды және ЭКСПО-2017 көрмесіндегі ең үлкен павильондардың бірі. Мұнда Францияның ірі компаниялары — Peugeot, Syctom, Total, Veolia, Vicat, Iter, ADEME, Saint-Gobain өздерінің болашақ энергия тақырыбындағы жетістіктерін паш етіп, жаңа өнімдерін көрсетті. «Біздің көрме павильонымыз екі қабаттан тұрады. Бірінші қабатта Францияда инновация мен болашақ технологиялары саласында озық саналатын компаниялар орналасса, екінші қабат симпозиумдарға, дебаттарға, сурет көрмелеріне арналады. Ол бір сәтте 200 адамды қабылдауға қауқарлы. «Peugeot» компаниясы 1995 жылы әлемде ең алғашқылардың бірі болып, өзінің электр көлігін таныстырған еді. Міне, ЭКСПО-2017 көрмесінде біз жаңа буын көлігін таныстырып отырмыз. Бұл әсіресе, бүлдіршіндер үшін және авто әлемін жақсы көретіндер үшін қызықты екені сөзсіз», — деді Франция павильонының бас комиссары Паскаль Лоро. «ЭКСПО-2017» көрмесіне Франция елі 3 тақырып ұсынып отыр. Яғни, павильонның өзі «Экоқала», «Баламалы энергия» және «Экологиялық көлік» деген тақырыптарға бөлінген. Мәселен, «Экоқала» бойынша француздар құрылыс материалы ретінде қолданылатын бетонның бірнеше жаңа түрін ұсынып отыр. Олардың ішінде тіпті жасыл желек өсіруге болатын түрі де бар. Ал қоқыс қалдықтарын бір емес, бірнеше рет қайта өңдеп, кәдеге жаратуда алдына жан салмайды. Қоршаған ортаны қорғау мақсатында қолға алынған экологиялық көліктері де таңқаларлық. Болашақта велосипед, скутерден бастап ауыр және жеңіл автокөліктерін де электр энергиясымен қуаттауды жоспарлап отыр. Оның бірқатарын көрмеге ала келген.Осы тақырыптардың біріне сай жасалған француз павильонының 1-қабатындағы 7 бөлік келушілерге «жасыл энергетика» саласындағы жаңа технологиялармен танысуға мүмкіндік береді. Бөліктер галерея арқылы қосылған, мұнда әлем өркениетінің дамуына үлестерін қосқан Францияның көрнекті қайраткерлері мен ғалымдары таныстырылады.
Лороның айтуынша, көрме қонақтары павильон аумағында француз өнер қайраткерлерінің шығармаларын — мүсінші Милен Гермонның туындысы «Минис Аква» композициясын, суретші-иллюстратор Ян Далонның қолынан шыққан және Францияның символына айналған Марианна бейнесін және Францияның ең әдемі жерлерінің фотосуреттерін көре алады. Франция павильонының бас комиссары П. Лоро: — Біз «ЭКСПО» көрмесіне өз еліміздегі ең озық деген кәсіпорындардың өнімі мен жобаларын алып келдік. Франция су мен жел энергетикасын дамытуға баса мән береді. Қазір осыған қатысты станциялар Еуропада кеңінен танымал. 2030 жылға қарай жаңартылған энергия көзін тұтынуды 32%-дан асырсақ деген жоспарымыз бар. Ғаламшарды әлем болып бірігіп қорғағанда ғана адамзат табысқа жетеді деп ойлаймын, — дейді.
Б.ҮПІБЕК