Қазақстан павильоны жоғары бағаланды
Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында алғашқылардың бірі болып қазақстандық павильон ашылды. Оның атауы — «Нұр Әлем». «Нұр Әлем» – көрменің орталық павильоны. Әзірге әлемде мұндай сфера түріндегі ғимарат жоқ. Сондықтан, оның сәулеттік шешімі мен келбеті шетелдіктердің аса қызығушылығын тудырып отыр. Павильонның бірінші қабаты 2 аумақтан тұрады. Біріншісі – қонақжайлық тақтасы. Бұдан әрі келушілер қазақтың қиял-ғажайып ертегі әлеміне еніп кетеді. Көктен түскен алтын тостаған туралы аңызды мұндағы таныстырушылар майын тамызып айтып береді. Жыл мезгілдерінің ауысуы, ертегідегі айдаһар мен самұрық, бәйтерек арқылы ізгіліктің зұлымдықты жеңгені жайындағы көрініс те ешкімді бейжай қалдырмасы анық. Павильонның екінші аумағы «Жасампаз энергия» деп аталады. Мұнда келешекте баламалы энергия көзі арқылы іске асырылатын жобалармен танысуға болады. Бұл – болашақ Астанананың келбеті. 2050 жылға қарай елорда ғажайып қалаға айналмақ. Шаһардың өсіп-өркендеуі бірнеше деңгейден тұрады. Мәселен, көліктік инфрақұрылымның дамуы, жасыл экономиканы құрылыста пайдалану секілді ақпараттар бейнеролик арқылы көктен көрсетіледі. Келушілерге аса әсер қалдырған дүниенің бірі – Тоқамақ бірегей жобасы. Мәселен, осындағы қондырғы – келешектегі термоядролық, ядролық реакторлар мен технологиялық құрылғылардың материалдарын ғылыми-зерттеу және сынақтан өткізу үшін қолданылады. Тоқамақ Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласында орналасқан. Бұл ұлттық ядролық орталық жұмысының басым бағыттарының бірі болып табылады. Онымен 30-дан аса мемлекет жұмыс істейді. Ұлттық павильонның «Жасампаз энергия» деп аталатын аумағына қазақстандық ғалымдардың 50-ден аса жобасы қойылған. Әрқайсысының өзіндік ерешелегі бар. Қазақ елінің өнертапқыштары ұлы даланың суды да, желді де, күнді де тиімді пайдалануға болатынын барынша дәлелдеп отыр. Павильондағы өмір ағашының өзі талай жайттан хабар береді. Оның тамырының тереңдеп, желек жайып көкке өрлеуі мәңгілік елді бейнелеп тұр. Көрме кешенінің орталық нысанының диаметрі — 80 метр, биіктігі — 100 метр.
«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов журналистерге арнап өткізген баспасөз мәслихаты барысында бүкіләлемдік көрме аясында өтетін шараларға тоқталып, олардың маңыздылығын атап өтті:
— «Болашақ энергиясы» форумы — «ЭКСПО-2017» көрмесінің негізгі шараларының бірі. Форум «Болашақ энергиясы» тақырыбы бойынша жаһандық пікірталастар үшін бірегей алаңға айналады. Форум дебаттары мен конференциялары Конгресс-Холда өтеді. Осы арқылы қоғамның барша өкілдерін кеңінен қамтысақ дейміз. Оған мамандандырылған халықаралық ұйымдар, ғылыми қоғамдастықтар, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдар мен жекеменшік сектор сияқты басқа да мүдделі тұлғалар қатысады. Форум панелдік сессиялар, конференциялар, симпозиумдар, пікірталастар, тақырыптық апталар, дөңгелек үстелдер мен семинарлар түрінде кең форматта өтіп, бұл әртүрлі және ауқымды бағдарламалар ұсынуға көмектеседі, -деді. Сөзсіз, әртүрлі елдердің арасынан қазақстандық павильон қай жағынан да мықты. Және ол ұйымдастырушы тараптыкі болғаннан ғана емес. Қазақстанның болашақтың қуаты, оны үнемдеу мен сақтау бойынша айтары мен көрсетері көп — оның бірнеше қабатты құрайтын (!) ғимаратта орын тебуі сондықтан да шығар. Халықаралық көрмелер бюросының президенті Стин Кристенсеннің «ЭКСПО-2017» көрмесінің ұйымдастырылуына жоғары баға беруі де көп нәрсені аңғартса керек.