Жолдауда жүктелген міндеттер айқындалды
Халыққа жолданған Жолдауда көрсетілген тапсырмалар мен міндеттерді барлығымыз жұмыла отырып, жүзеге асыруымыз қажет. Меркіліктердің ортақ ойы осыған саяды. Себебі, орынды мақсаттар ғана табысқа жетелейді. Күні кеше аудан әкімдігінде республикалық ақпараттық топ өкілдерінің жергілікті жұртшылықпен кездесуі мен аудандық орталықтандырылған кітапханада өткен облыстық семинарда осы жәйттарға айрықша басымдық берілді.
Елбасының биылғы жолдауы әдеттегідей елдің еңсесін көтеріп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталды. Онда ең төменгі жалақы мөлшері көбейтіліп, ел экономикасының одан ары дамуына жағдай жасау қарастырылып отыр. Елбасының тапсырмасына сәйкес, мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсартуымыз керек. Бұл салада біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажет.
Жастарға серпін беріп, кәсіпкерлікпен айналысам деушілерге қолдау да мейлінше арттырылмақ. Семинар — кеңесте мәдениет нысандарын цифрландыру жайы кеңінен сөз болды. Бұл да Елбасы жолдауынан туындайтын нақты мәселенің бірі. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы ел ішіндегі ескі жаңғырту үрдісін аяқтап, экономикамыздың әлемдік өсімінің лайықты деңгейге жетуін қамтамасыз етіп, жеделдетілген технологиялық жаңғырту басымдығына көшуімізді арттыратын жоба. Жиында облыс әкімінің тапсырмасына сай аудандық мәдениет үйлерінде ашылған ақпараттық орталықтың жұмысы талқыланды. Жолдаудан туындайтын басым бағыт айқын. Енді тек, нақты жұмыс-жоспарын құрып, жаңа белестерді бағындыруда жұдырықтай жұмылып, еліміздің өсіп-өркендеу жолында аянбай еңбек ету керек. Жолдауда білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларын дамытуға ерекше көңіл бөлініпті, «Ұлт саулығы – мемлекеттің басты басымдығы» делінген. Саламаттығы бекем адам – жасампаз істің локомотиві. Елеусіздеу көрінгенімен, Мемлекет басшысының елді спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, дене шынықтырумен айналысуға үндеуі, ол үшін аулаларды, саябақтарды жабдықтау қажеттігі, жақын арада 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу тапсырмасы бүгінгідей интернет заманында үлкеннің де, кішінің де компьютерге не ұялы телефонға байланып қалған мезгілінде соғылған дабыл деп есептеймін. Жолдауда айтылған мақсаттардың іске асуына тілектеспін. Ал қоғамды сапалы әрі жүйелі дамыту ісі – мемлекеттік қызметкерлердің, саяси партиялардың, кәсіпкерлердің, этномәдени бірлестіктер өкілдерінің, үкіметтік емес сектордың, кәсіподақ ұйымдары және діни бірлестіктердің, барлық адамдардың қатысуымен жүзеге асатын ұжымдық жұмыс.
Дереккөз: http://taraztv.kz/kz/news/society/zholdauda-zhuktelgen-mindetter-aikyndaldy