Жамбыл облысында 184 мың гектар суармалы жердің 89 мыңын қалпына келтіру керек
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойған міндеттерін орындау суармалы жерлерді тиімді пайдалануға тікелей байланысты. Өйткені суармалы жер кепілді түрде мол өнім береді. Бүгінде сырттан әкелінетін азық-түлік өнімдерінің басым бөлігі, атап айтқанда, қант, өсімдік майы, көкөніс, жемістер, мал мен құс шаруашылығы өнімдерін өндіруге қажетті құнары жоғары жемшөп дақылдары суармалы жерлерде өндіріледі. Осы тұрғыда бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен суармалы жер көлемін арттыру бойынша жиын өтті. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыс әкімдігі ауылшаруашылық басқармасының басшысы Берік Нығмашев баяндама жасады.
Қазіргі таңда өңірімізде барлығы 184 мың гектар суармалы жер бар. Оның тоқсан бес мың гектары қолданыста десек, сексен тоғыз мың гектарын қалпына келтіру керек. Басқарма басшысы оларды қалпына келтіру жұмыстары қалай жоспарланып отырғанын да тілге тиек етті. Нақтырақ айтсақ, жетпіс мың гектар жер «Қазсушар» мекемесімен, он тоғыз мың гектар жерді жақында құрылған механикалық жасақтың көмегімен қолданысқа енгізу көзделуде екен.
Сондай-ақ, жиырма тоғанды пайдалануға беру арқылы төрт мың гектар, жиырма төрт қолданыстағы су қоймасының астындағы 90 км су жүйелерін қалпына келтіру арқылы қосымша тоғыз мың гектар егістік жерлері пайдалануға енгізілмек. Осылайша, 2018-2021 жылдары облысымыздағы жалпы суармалы жер көлемін 197 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Айта кету керек, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өңіріміздегі суармалы жер көлемі 209 мың гектардан асқан. Кейіннен әртүрлі себептермен бірқатар жерлер тозығы жетіп, қолданыстан шыққан. Асқар Исабекұлы облыстағы суармалы жер көлемін ұлғайту жоспарын 197 мың гектармен шектемей, одан да асыруды назарға алды. Ол үшін өңірдің бар әлеуеті мен мүмкіншілігін бағамдап, жаңа технологиялардың тиімділігін, жер асты және жер үсті су көздерін ескеруді баса айтты. Өңір басшысы бұл бойынша жауапты тұлғаларға арнайы сараптама жүргізіп, жоспар құру керектігін жеткізіп, нақты тапсырмалар жүктеді.