ШЫМКЕНТ: КАРАНТИН РЕЖИМІН САҚТАМАҒАН АЗАМАТТАРҒА 178 ХАТТАМА ТОЛТЫРЫЛҒАН

Бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғ.Әбішевтің қатысуымен қаламыздағы 7 айдағы эпидемиологиялық ахуал және Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 31 шілдедегі №30 Қаулысы бойынша брифинг өтті.

Баспасөз мәжілісінде, ең алдымен, осы жылдың 7 айында Шымкент қаласы бойынша оба, тырысқақ, құтыру, паратиф, дифтерия, көкжөтел, қызамық, іш сүзегі, полиомиелит және сальмонеллез аурулары тіркелмегені айтылды.

– Өткен жылмен салыстырғанда аурушаңдықтың төмендеуі байқалады. Мәселен, ЖІИ 3,9 есе, қызылша 1,3 есе, серозды менингит 14 есе, бруцеллез 5,2 есе, эхинококкоз 1 жағдайға, тұмау 8 жағдайға, ЖРВИ 1,4 есе және тыныс алу органдарының туберкулезі 42%-ға төмендеген. Ал менингококк инфекциясымен 6 жағдай, қышымамен 103 жағдай және КҚГҚ-ның 1 жағдайы тіркелген. Осы ретте коронавирус індеті жайлы айтсам, Шымкент қаласында 2020 жылдың 24 наурызы мен 2 тамызы аралығында COVID-19 инфекциясымен 4980 жағдай тіркелді (2561 симптомды, 2419 симптомсыз). Яғни, сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 474,7 құрап отыр, – деді Ғ.Әбішев.

Брифингте сұрақ-жауап барысында Ғалымжан Мотайұлы шектеу шаралары мен санитарлық нормаларды бұзған азаматтар және кәсіпкерлік нысандарға салынған айыппұл жөнінде тілге тиек етті. Оның айтуынша, елімізде төтенше жағдай енгізгеннен бері бүгінге дейін Шымкент қаласында 178 хаттама толтырылып, 10 миллионнан астам айыппұл салынған. Одан бөлек, карантин режимі мен санитарлық нормаларды сақтауды бақылау нәтижесінде қалада инфекциялық аурулардың төмендегені айтылды.

Айта кетейік, Шымкент қаласында Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің шешімімен коронавирустық инфекцияның таралуын алдын алу мақсатында карантин және шектеу шаралары 2020 жылдың 3 тамызынан 17 тамызына дейін ұзартылды.

Шымкент ақпараттық-коммуникациялық орталығы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444