Әлеуметтік саладағы реформалардың халыққа дұрыс түсіндірілуі жөнінде жиын өтті
Байзақ ауданында мұқтаждарға ақшалай көмек көрсетілетін болды. Бұл туралы Байзақ ауданының әкімдігінің мәжіліс залында ҚР әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік көмек департаментінің директоры Асет Шоновтың қатысуымен өткен жиында айтылды.
Жиында Қазақстан Республикасы әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік көмек департаментінің директоры Асет Бағдатұлы жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмек мәселесіне қатысты баяндама жасады. Баяндамашы жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмекпен қамту жұмыстары, “Әлеуметтік көмек” автоматтандырылған ақпараттық жүйесі, бюджеттен бөлінетін қаражаттың мақсатты игерілуі, мүгедек балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындар мен әлеуметтік сала мамандарына отын сатып алу, сондай-ақ мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындауға қаралатын қаржы көлемі жайында сөз қозғады. Сонымен қатар, тұрғын үй көмегін тағайындауға 26 665 адамға 329,8 мың теңге қарастырылғанын және осы қаражаттың толық тағайындалып, төленуін үйлестіруді қатаң бақылау қажеттігін жеткізді. Басқосу соңы әлеуметтік саладағы реформалардың негізгі мақсатын, күтілетін нәтижелерін халыққа дұрыс жеткізу, әлеуметтік шиеленістердің алдын алу тиісті сала өкілдері мен жергілікті атқарушы органдардың міндеті деген тұжырыммен қорытындыланды. Сондай-ақ, Байзақ аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының жұмыс барысымен танысқан сала өкілдері Бәйтерек және Сарыкемер ауылдық округтерінде болып, ондағы аз қамтылған отбасы мүшелерімен кездесті. Мысалы, бәйтеректік тұрғын, бес баланың анасы Тазагүл Құдайбергеноваға 15 269 теңге көлемінде шартты ақшалай көмек тағайындалған. Мектеп жасындағы балалары бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Сарыкемерлік алты баланың анасы Күнсұлу Әлменова да 55 087 теңге шартты ақшалай көмек алып отыр. Жұмыспен қамтудың белсенді шарасына тартылып, мектепте оқитын балаларына бір мезгіл ыстық тамақ берілуде екен.