Экспорт көлемі ұлғайып келеді
Түркістан облысында өзге шет мемлекеттерге өнім экспорттайтын кәсіпорындар қатары артып келеді. Әсіресе өңірімізде өндірілетін цемент, ұн, өсімдік май, мақтаға сұраныс мол. Алдағы уақытта да өзге елдерге экспортталатын өнім түрлері артары сөзсіз. Өткен он айдың қорытындысы бойынша Түркістан облысының кәсіпорындары көрші Өзбекстанға тауар экспортын 26 пайызға арттырған. Шекаралас мемлекет – өңірдің негізгі сауда серіктесі. Аймақтың сауда айналымының 23,2 пайызы осы Өзбекстанмен арадағы экономикалық қарым-қатынасқа тиесілі. Өткен 10 айдың қорытындысы бойынша арадағы тауар айналымы 500 миллион АҚШ долларына жуықтаған. Түркістан облысы негізінен ұн, мұнай мен мұнай өнімдерін, бидай мен металдан жасалған өнімдерді сатады. Ал Өзбекстан біздің өңірге ауыл шаруашылығы тауарларын өткізеді. Сауда-саттықтың дамуына жазда өткен кездесу себеп болған. Онда көбіне ұн экспорттайтын, темір, бетон, цемент экспорттайтын кәсіпорындар меморандумға қол қойып, қазір соның нәтижесінде экспорт ұлғайды. 10 айдың қорытындысы бойынша 190 миллион доллар экспортталды. Алдағы уақытта да экспорт көлемі артары сөзсіз.