«Алтын адам» — қазақстандық бренд
Уақытында Шымкентте «Восход» деп аталатын тігін фабрикасы болған. Тіккен костюмдері денеге қонымды, сәнді. Ешбір сын айта алмайсың. Бағасы да қолжетімді. Бірде облыс көлеміндегі бір шенеунік сәті түсіп шетелге барады. Уақытын тауып супермаркетке кіреді. Көз жауын алған костюмдердің ішінен таңдап жүріп біреуін сатып алады. Елге келген соң мақтанбай ма, шетелдік костюм киіп жүрмін деп.
Бір досы «әй,мынау біздің «Восходтың» киім пішісіне ұқсайды» екен деп, астарындағы тігілген белгісіне қараса шетел тілінде «Восход» фабрикасы көрсетілген екен. Шенеуніктің шетел бардым, қымбат костюм сатып алдым деп жүргені экспортқа шыққан шымкенттік костюм болып шығады. Қазір шымкенттіктер баяғыдай қымбат маркеттердің есігінен сығалай бермейді.
Түркістан облысындағы Сайрам ауданында орын тепкен «Golden Nomad» – «Алтын Адам» сауда белгісімен костюм тігетін фабриканың өнімін қолай көреді. Отаншылдық қызыл сөз емес. Елің алға өркендесін десең ел ағалары алдымен отандық өнімді қолдау керек. Оның үлгісін Елбасының өзі көрсетті. Президент біз тіккен костюмдерді шетелдерге де киіп барып, қазақстандық жеңіл өнеркәсіптің көтеріліп келе жатқанын көрсетті. БҰҰ саммитінде де, Сочидағы форумда да Мемлекет басшысы қазақстандық костюмдерді киіп барды.
Мемлекет басшысының өзі үлгі көрсеткеннен кейін министрлер де, облыс әкімдері мен аудан әкімдері, басқарма басшылары отандық өнімді тұтына бастады. Тігін фабрикамыздың басшысы Балжан Қалмұратова жеңіл өнеркәсіптің өкілдері бас қосқан бір жиында Түркия брендімен тігілген арзан костюм-шалбардың дені Өзбекстанда тігілетіндігін, отандық кәсіпкерлерге қолбайлау болып жатқандығын айтып еді. Алайда, Өзбекстаннан тасымалданатын, матасы арзан, тігу технологиясы сын көтермейтін костюмдер «Алтын Адам» сауда белгісімен тігілетін өнімдерге астар бола алмай қалды.