Кәсіпкерлік саласы жақсы дамыған
Бүгін Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов елді мекендердегі өзекті мәселелермен танысу үшін Ж.Нұрлыбаев және Жаңажол ауылдық округтерінде болды. Алдымен өңір басшысы Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты 6 елді мекенді аралап көріп, мемлекеттік мекемелердің жағдайымен танысты. Сондай-ақ, кәсіпкерлік нысандардың иелерімен кездесті.
Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінің тұрғындары негізінен ауылшаруашылық саласымен айналысады. Атап айтқанда, мақта, бақша өнімдерін өндіріп, мал шаруашылығын дамытуда. Округте 6435,7 гектар жер бар болса, оның 4 мыңнан астам гектары мақта, 1432,8 гектары бақша, 396,2 гектары жүгері, 9 гектары жоңышқа. Осының бәріне 632 шаруа қожалығы иелік етеді.
Округте кәсіпкерлік саласы жақсы дамыған. Орта және шағын кәсіпкерлікпен 150-ге жуық азамат айналысады. Аумақта 5 мектеп, 5 балабақша, 1 аурухана, 1 амбулатория, 5 ФАП, 2 почта, 1 мәдениет үйі, 6 стадион, 1 спорт залы, 2 базар халыққа қызмет етеді. Мұнда мектептер мен ФАП-тардың басым бөлігі жаңадан салынып, өзекті мәселелер шешімін тапқан. Тұрғындар негізінен газ алып келуді аудан басшысынан өтінді.
Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі