Жетісу шаруаларының қант қызылшасын өсіруге деген құлшыныстары артуда

Мемлекет тарапынан шаруа қожалықтарына  көрсетіліп жатқан  түрлі көмектердің арқасында жетісулық шаруалардың қант қызылшасын өсіруге құлшыныстары артып келеді. Алматы облысы бойынша биылдың өзінде 9 мың гектар алқапқа тәтті түбір егілмек. Бұл бұдан 3 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 7,5 есеге артық. Алматы облысында өткен жылы 6,5 мың гектар жерден 256 мың тонна қызылша жиналған болатын. Ал бүгінде көктемгі дала жұмыстарына қызу дайындық жүріп жатыр. Франция мен Германиядан арнайы әкелінген қызылша тұқымдары аудандарға бөлініп, жөнелтілуде. Бірер күннен соң тұқым себу науқаны басталады.

Алматы облысындағы Көксу қант зауыты іске қосылғанда, оның болашағы күмән туғызған еді. Бүгінде кәсіпорын аяғынан нық тұрды. Биыл Ақсу қант зауыты іске қосылады. Жетісулық диқандар енді жинаған өнімін осы екі зауытқа өткізеді. Бұл өз кезегінде бұған дейінгі қызылша қабылдауда туындап келген кедергілерді жоймақ. Өңдеу жұмысы кедергісіз жүру үшін алдағы уақытта Қарабұлақ, Алакөл қант зауыттарын да іске қосу жоспарлаған. Қабылданған кешенді шаралар мемлекет басшысының халықты отандық қантпен қамтамасыз ету туралы тапсырмасын абыроймен орындауға серпін бермек. Ішкі қажеттілікті өтегеннен кейін өнімді экспортқа шығару да ойда бар.

Ақсу ауданының әкімі Әділбек Далбағаевтың айтуынша, бүгінгі таңда зауыт қабырғасында қызмет істейтін инженер-техниктер құрамы мен жұмысшылар толық қанды жұмыс барысына дайын. Комплектациясы түгел жүргізілген.

Әшімхан Оразбеков, шаруа қожалығының басшысы: — Қан қызылшасының тұқымдарын 40 гектарға егейік деп отырмыз. Бүгінде жеріміз дайын, техникамыз дайын. Германиядан алып келінген қант қызылшаларының тұқымдарын «СПК-Жетісу» қант зауыты арқылы дайындап қойдық. Енді күн ашылса, себуге дайынбыз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444