2017 ЖЫЛЫ ЖАҢА АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ САЛЫНБАҚ
Бүгін еліміздің Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен үкімет сағатына қатысты. Министр кездесуде депутаттарға «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы жайында баяндады.
ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек : — 2016 жылы Қазақстан Республикасы көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасымен біріктірілген болатын. Енгізілген аталмыш өзгерістер бойынша 2017-2019 жылдары бағдарлама аясында ұзақтығы 4,4 мың шақырым, құны 1,7 трлн. Теңгені құрайтын 23 жобаны іске асыру көзделген. Биылғы жылы автожолдар реконструкциясына 356,2 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде Ұлттық қордан 143,5 млрд. теңге бөлінген.
Бүгінде Астана – Қарағанды, Орталық – Шығыс, Орталық – Батыс, Қапшағай – Талдықорған,Бейнеу – Ақтау, Петропавл – РФ шекарасы және Орал – Каменка сынды ұзақтығы 602 шақырым болатын 7 ірі ауыспалы жобада жұмыстар жалғасып, биылғы жылдың соңына қарай аяқтау жоспарланған.
Министр атап өткендей, Республикалық бюджет және халықаралық қаржы институттарының қаражаттары есебінен жалпы ұзақтығы 3,2 мың шақырым болатын 16 жаңа жобаның реконструкциясы басталмақ. Олар: Ақтөбе – Мақат, Атырау – Астрахань, Күрті – Бурылбайтал, Бурылбайтал – Балқаш, Мерке – Бурылбайтал, Ұзынағаш – Отар, Талдықорған – Өскемен, Жетібай – Жаңаөзен, Үшарал – Достық, Бейнеу – Ақжігіт, Қалбатау – Майқапшағай, Қостанай – Денисовка, Щучинск – Зеренді, Осинов асуы, Астананың Оңтүстік-Батыс айналма жолы, Таскескен – Бақты бағыттағы ірі жолдар. Жалпы автожолдар реконструкциясы жұмыстарына еңбек қолы ретінде 100 мыңнан астам адам тартылатын болады.