Жамбыл облысында алдағы екі жылда 30 спорт кешені салынбақ

2019-2020 жылдар аралығында Жамбыл облысында 30 спорт кешені салынатын болды. Бұл туралы  “Баласағұн” орталық концерт залында өткізілген жиында аймақ басшысы Асқар Мырзахметов айтты.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында спорттың дамуына ерекше көңіл бөлу керектігін атап өтті. Сондай-ақ 100 спорт кешенін тұрғызу жөнінде тапсырма берілді. Спорт – әлемдік аренада ел абыройын асқақтататын, елдің, ұлттың атын шығаратын бірден бір сала. Спортқа көңіл бөлу – елдің абыройына назар салу деген сөз. Ал, еліміздің беделін көтеретін спортшыларға жағдай жасау үшін жер-жерлерде спорт залдарын, жаттығу кешендерін жиі салу керек. Елбасы биылғы жылдың қазан айындағы Жолдауында осыны меңзеді. Әрі спорт кешендеріне кіру үшін оқушыларға жеңілдік жасау керектігін де айтты. Бұл өз кезегінде бұқаралық спорттың дамуына, осы саланың жалпыхалықтық сипатқа ие болуына оң ықпал етпек.

Бүгінде облыс тұрғындарының жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен шұғылдануы үшін қолжетімді 1605 спорт нысаны анықталды. Оның 517-і Тараз қаласында, 1088-і аудандарда орналасқан. Осыған орай, Елбасының тапсырмасына сәйкес, қалалық және ауылдық жерлердегі спорт нысандарын көбейту мақсатында 2019-2021 жылдары 30 спорт кешенін салу жоспарлануда. Оның ішінде, Тараз қаласында жеңілатлетикалық және гимнастикаға арналған манеждер құрылысы бар. 2019 жылға жалпы сомасы шамамен 4 млрд. теңгеге 11 жобаның құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Оның ішінде 9 дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысы, Тараз қаласында жеңілатлетикалық және гимнастикаға арналған манеждер құрылысы. 2020 жылға 2 930,0 млн. теңгеге 11 дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.

2021 жылға 1 040,0 млн. теңгеге 8 дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, аулаларда, парктерде, саябақтарда 29 спорт алаңшасын салу жоспарлануда (14 әмбебап спорт алаңшасы, 6 кіші футбол алаңшасы және 8 стритворкаут алаңшасы). Бұл нысандардың барлығы халыққа қолжетімді болады. Айта кетейік, Жолдауда бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажеттілігі де аталып өтті.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444