Жамбылда екі мыңнан аса мемлекеттік қызметшінің жалақысы көбейетін болды
Мемлекеттік органдарға жалақы төлеудің жаңа моделін енгізу нәтижесінде, 2380 мемлекеттік қызметшінің жалақысы өседі. Бұл туралы облыс әкімі Асқар Мырзахметов “Баласағұн” ОКЗ-да өткен жиында айтты.
Мемлекеттік органдарға жалақы төлеудің жаңа моделін енгізу аясында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап төменгі және орта буындағы қызметкерлердің жалақысын 2-ден 2,5 есеге дейін өсіру жоспарлануда. Бұл үшін облыста әкімшілік шығындарды қысқарту,
бөлімдерді біріктіру арқылы мемлекеттік органдарда басшылық құрамды азайту, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, ведомствалық бағыныстағы мекемелерді оңтайландыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Оған 2,0 млрд.теңге, жоғарыда аталған жұмыстарды жүргізу нәтижесінде, осы мақсатқа қайта бағытталады.
Бүгінгі күні мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, оларды оңтайландыру және автоматтандыру мәселесі өте маңызды. Келер жылы жергілікті атқарушы органдарымен көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің кемінде 80 пайызы электронды түрде көрсетілуі тиіс. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне (03.09.2018ж. өзгерістер мен толықтырулар енгізілді) сәйкес жергілікті атқарушы органдарымен 197 қызмет көрсетіледі. Оның ішінде: 89 қызмет Мемлекеттік корпорация арқылы, 94 қызмет электронды форматта көрсетілуде.
2018 жылдың 8 айында жергілікті атқарушы органдарымен 3 461 591 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде: электронды түрде – 2 622 495 (немесе 75,8 %). Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу барысында мемлекеттік қызметшілердің тұрғындармен тікелей қарым-қатынасын азайту мақсатында, мемлекеттік корпорация және электронды түрде мүмкіндігі бар қызметтердің үлесін арттыру бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеу қажет.
Бүгінгі күні лицензиялаудың барлық түрлері, рұқсат беру және хабарлама құжаттары «е-лицензиялау» ақпараттық жүйесі арқылы электрондық түрде көрсетіліп келеді. Сонымен қатар, әлеуметтік және білім саласындағы қызметтер электронды түрде көрсетілуде (отбасы және бала құқықтары саласындағы қызметтер (қорғаншылық және қамқоршылық, патронаттық тәрбиеге беру, бала-бақшаға кезекке қою «е-әкімдік» ақпараттық жүйесі арқылы көрсетіледі). денсаулық сақтау саласындағы 3 қызмет «e-gov» портал арқылы көрсетілуде: «Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін медициналық ұйымдарға тіркелу», «Дәрігердің қабылдауына жазылу», «Дәрігерді үйге шақыру».
Жыл басынан «электрондық үкімет» порталы және Халыққа қызмет көрсету орталығының бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы тұрғындарға «бір өтінім» қағидаты бойынша қызмет көрсету үшін мүмкіндік жасалды.
Жолдауға сәйкес облыс әкімдігінің басқармалары аудандар мен Тараз қаласы әкімдерімен бірге, «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңын жаңарту мақсатында орталық мемлекеттік органдарға ұсыныстар беретін болады.