ӨҢІРЛІК ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕРДІҢ БІРІНШІ ФОРУМЫ

Бұдан былай этикалық нормаларды бұзған полицейлердің іс-әрекеттеріне шағымданған азаматтардың арызы қоғамдық кеңесте қаралатын болады. Бұл мәселе бүгін өткен  өңірлік қоғамдық кеңестердің алғашқы форумында көтерілді.  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі Жамбыл облысы бойынша департаменті мен  аймақтық қоғамдық кеңестің ұйытқы болуымен өткен жиында сондай-ақ, атқарылған жұмыстар сараланып, бірқатар ұсынымдар да айтылды.

Елбасының тапсырмасымен 2016 жылдан жұмыс істей бастаған қоғамдық кеңестер бүгінде бұқара мен биліктің ақылдасу алаңына айналды. Осы мерзім ішінде бұл ұйым атқарушы билік шешімдерінің ашық болуын қамтамасыз ететін консультативті кеңесші әрі бақылаушы орган биігіне дейін көтерілді. Біздің облыста әр деңгейдегі  12 қоғамдық кеңес жұмыс істейді, олардың ішінде әр бағытта 5 тұрақты комиссия бар болса,  246 адам мүше. Айтулы азаматтар мен қоғам қайраткерлерінен жасақталған қоғамдық кеңестер 3 жылда 16 отырыс, 80 президиум отырысын, 4 қоғамдық тыңдау өткізген. Мұнда қоғамдағы ең өзекті деген мәселелер көтеріліп, проблемалардың шешілуі қадағаланып отырған.

 

Жандар КӘРІБАЙҰЛЫ – ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ТӨРАҒАСЫ /Біз жұртшылықпен араласып жүргеннен кейін, олардың пікіріне сүйенгеннен кейін, жұмыстың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында біраз жұмыстар жасалынды. Жұртшылықтың айтып жатқан ұсыныс-пікірлерімен санасамыз, міндетті түрде, өйткені, қоғамдық кеңес мақсатының негізі де сол: адамдардың белсенділігін арттыру, азаматтарды азаматтық қоғам құруға, мемлекеттік басқаруға кеңінен қатыстыру, қабылданып жатқан шешімдерге олардың ұсыныс-пікірлерін ескеру. Осындай негіздегі жұмыстарды атқарамыз/.

Тараз қаласының өзінде қоғамдық кеңес 14 облыстық және 16 қалалық мекемеде түрлі сипаттағы кездесулер өткізілген. Халықпен жүздесуде тек түсіндіру жұмыстарымен шектелмей, көтерілген түйткілді жайттардың  шешімін табуына барынша ықпал ету осы органның негізгі міндеттерінің бірі. Қоғамдық кеңестердің араласуымен талай былықтың беті ашылып, жазықтылар жауапқа да тартылған кездер аз емес.

 

Қаржаубай БЕКБОЛАТОВ – ТАРАЗ ҚАЛАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ /өткен қоғамдық кеңес отырысында Тараз қалалық әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының 2017 жылы атқарған жұмысына жүргізілген мониторинг барысы талқыланды. Нәтижесінде мұндағы қысқа мерзімді курста оқып шыққан 86 адам жоқ болып шықты. Олардың ары қарай жұмысқа орналаспағаны да анықталды. 1262 азаматтың ішінен тұрақты 246 дам ғана жұмыспен қамтылса, 1416 азамат тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілмеген, оларға уақытысында оқыған кезде мемлекеттен стипендия алып тұрған/.

Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан анықталған бұл кемшіліктер бойынша қала әкіміне ұсыныс жолданып, мекеме басшысы қызмет барысында жіберген қателіктері үшін орнынан босатылған. Жиында мұнан өзге арнайы мониторингтік топтың жұмысы баяндалып, облыс аумағында орын алған сыбайластық іс-әрекеттер жайында деректер келтірілді. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен барша болып күресу жайы қозғалды.

Қасымхан ТӨЛЕНДИЕВ – «ЖАҢАРУ» СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫ»  РҚБ ЖОФ ДИРЕКТОРЫ /ішкі істе органдарының орта буындағы құрамымен мыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ішкі істер министрлігінің облыстағы мамандандырылған күзет қызметі басқармасының жеке құрамымен жемқорлыққа қарсы заңнаманы түсіндіру, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын қатаң сақтау туралы арнайы жиын өткізілді. Бұдан былай Ұлт жоспарының 31-ші қадамына сәйкес, этикалық нормаларды бұзуға жол берген полицейлердің іс-әрекеттеріне шағымданған азаматтардың арызы облыстық қоғамдық кеңесте қаралатын болады. Жасыратыны жоқ, халық арасында тендерге байланысты түрлі әңгіме жүретіні белгілі. осыған орай, екі ұсыныс айтар ем. Мемлекеттік сатып алу тендерін жеңіп алған заңды тұлға бастаған жұмысын аяғына дейін толық, сапалы орындап тапсырса, оған мемлекет тарапынан жұмыс көлемінің 5-10 пайыз көлемінде сыйақы төленсе. Бұл – тендерлік конкурсқа қатысқандардың жұмысын таза, сапалы және толық орындауға ынталандыру-мотивация мүмкіндігі болар еді/.

Айта кетейік, жуырда ғана халықпен етене жақын жұмыс жасайтын осы қоғамдық кеңестердің арнайы ресми сайты ашылған болатын. Форумда осы сайттың жұмыс жасау тәртібі таныстырылды. Сондай –ақ жиында айтылған ұсынымдар келешекте назарға алынатын болды.

А. Тілеуханқызы, Ө. Ыбыраев

http://taraztv.kz/kz/news/society/onirlik-kogamdyk-kenesterdin-birinshi-forumy

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444