Сарысудың күйшілік мектебі бөлек үлгі

Сарысу өңірі өзіндік күйшілік келбетімен де танымал. Сарысудың өз алдына күйі сарыны мен дәстүрі бар екенін осы өлкенің тумасы дәулескер күйші Мәді Шәутіұлы дәлелдеп кеткен. Оның күйшілік мұрасына алғаш ден қойған белгілі түркі­танушы ғалым, академик Мыр­затай Жолдасбеков еді. Мәді Алатау мен Қаратаудың арасындағы кең байтақ алаптың мұрасын түгендеген шежіре күйші екенін кезінде Ақселеу Сейдімбек те өз еңбектерінде арнайы атап өткен. Белгілі күйші Жанғали Жүзбай өз еңбектерінде былай деп жазады: «Мәді қазақ әніндегі Балуан Шолақ сияқты құбылыс. Мәдінің қолында Сарыарқаның классикалық қара шертпесімен қоса Жетісудың желдірмесі, бе­рісі – Қаратаудың кербез кер­­толғауы мен арысы қыр­ғыз әуенімен суарылған «Ала­тоолық комуз қайрықтар» да кез­десетіні таңғалдырады. Осы­дан кейін, әуелгі үлгісі Арқадан шығады деп тұжырым жасаған қазіргі ғалымдардың уәжіне тоқтағанның өзінде, Сарысу шертпесінің сазы өз алдына бөлек музыкалық мәдениет екенін мойындауға тура келе­ді. Шындығында «Сарысу күй­шілік мектебі» бөлек үлгі. Мұ­ның жағырапиялық, тарихи қырларымен қоса стиль жа­ғынан да себептері көп. Сары­сулықтардың күй шерту машы­ғымен қоса тұрмыстық салты, ауызша дамыған фольклоры, жыр-дастаны, қызыл сөз, жаяу әңгімесі қазіргі Қарағанды жерінің мәдениетімен кіндіктес, дәлдеңкірей айтқанда, Атасу, Мұңлы-Қулы, Ескене жайлаулары, Сарысу, Көктіңкөлі өзен­дерінің аңғарлары сарысулықтар үшін өз жері боп саналады».

Міне, осы өнер көгіндегі тұлғаны ұлықтау мақсатында
Жамбыл облысы Сарысу ауданында Мәді Шәутіұлына ескерткіші ашылды. Күйшінің тас тұлғасын белгілі мүсінші Алтай Бейсенов сомдаған. Игілік ауылындағы ескерткіштің салтанатты ашылуына қарымды қаламгерлер мен қазақ музыкасының жанашырлары жиналды. Туған жерге туын тігіп, ауылдағы жарқын іске атсалысқан азаматтар күйшінің таспаға жазылған альбомын ауыл тұрғындарына тарту етті. Ұйымдастырушылар атақты күйшінің туып-өскен ауылында еңселі ескерткіштің бой көтеруі ұлттық құндылығымызды ұлықтауға септігін тигізеді дейді. Ол артына мол мұра қалдырды. «Qazaq radiosy»-ның алтын қорында өзі орындаған 24 күйі сақтаулы. Сондықтан да, бұл кісіге қандай да құрмет көрсетсек артық етпейді. Осы кісіні ұрпақтың жадында жаңғырту мақсатында «Мәді» дейтін кітапты құрастырдым. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған шара мәдениет үйінде жалғасын тапты. «Көненің көзі — Дәулескер Мәді» атты ғылыми конференцияда күйшіге арналған кітаптың  тұсаукесер рәсімі өтті. Кітапты таныстарған музыка зерттеушілері мен педагог-ғалымдар Мәді Шәутіұлының өмірі мен өнері жайлы сыр шертті. Абдулхамит Райымбергенов, «Көкіл» өнер мектебінің директоры: — Көптеген күйлері нотаға түсті, қазір тек нотаға түсіп қана қоймай, концерваторияларда оқу бағдарламасына енді. Мәді ақсақалдың тартқан күйлерін концерватория студенттері тартып жүр. Міне, бүгін Игіліктегі үлкен шарада Мәді ақсақалға арналған ескерткіш орнатылып, Мәді ақсақалға арналған кітап шығап, ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр. Мұның барлығы да өскелең ұрпаққа, болашақ ұрпаққа қажет деп ойлаймын. Мәді Шәутіұлы 1909 Жамбыл облысы Сарысу ауданында туған. Домбыраны жеті жасында елге аты мәлім Қосқұлақ Пірімбеттен үйренеді. Жас өнерпаз елге танылып келе жатқанда шешек ауруына душар болып, екі жанарынан айырылады. Алайда, тағдыр тауқыметімен күресе білген жан талантының арқасында талай күйлерді шығарып, өскелең ұрпаққа мұра етіп қалдырды. 1995 жылы дүниеден озған күйшінің репертуарында қобыз сарынмен үндестік тапқан көне аңыз-күйлерден бөлек, «Ерке атан», «Бозайғыр», «Ақсақ қыз», «Тепең көк», «Қара жорға» күйлері бар.

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444