Жеке кәсіппен айналысқысы келетін жандарға қолдау көрсететін орталық ашылады
Жамбыл облысында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен шағын несие беру орталығы құрылатын болды. Елбасының бес әлеуметтік бастамасының төртінші бастамасында шағын несие беруді көбейту туралы айтқаны белгілі. Бұған дейін халыққа несиені микроқаржылық ұйымдар беріп келді. Әлі де нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның екінші бағыты «Бастау Бизнес» жобасын жүзеге асыру аясында да жастарға, өз кәсібін ашқысы келетін жандарға ең төменегі пайызбен несие беру жұмыстары жалғасын табуда. Алайда, облыс экономикасын артыру мақсатында ашылғалы отырған шағын несие беру орталығы тұрғындар үшін көптік етпейді. Қазіргі таңда өңірде жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша кезекте 3700 адам тұр, олардың көбі өз кәсібін бастауға белсенді. Аталған орталық осындай өз ісімен айналысқысы келетін азаматтарды қолжетімді шағын несиемен қамтитын болады. Яғни, орталықтың мақсаты — өз кәсібін ашуға ынталы талапты жандарға қолдау көрсету, облыстық экономикалық ахуалын жақсарту. Ол үшін жергілікті кәсіпкерлерді игі жобаға атсалысуға тарту көзделіп отыр. Олар барлығы 51 миллион теңге құйса, екінші тараптан Тараз әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы 49 миллион теңге қаржы салады. Осылайша 100 миллион теңге жиналғанда, мекеме жалпы 1 миллиард теңге көлемінде шағын несиелер бере алады. Бұл көрсеткішті үш жылда 3 миллиард теңгеге жеткізу жоспарлануда. Қазір аталған орталықты тіркеу жұмыстары жүргізілу үстінде. Мұнан соң, орталыққа арнайы ғимарат бөлініп, он шақты штаттық кесте құрылып, мамандар өз жұмыстарымен жүйелі түрде айналыспақ. Құжаттық жұмыстар толығымен аяқталғаннан соң, ұсыныс бойынша несиелендіру жұмыстары келер жылдан бастау алады. Шағын несие әр адамға он тоғыз миллион теңгеге дейін беріледі деп күтілуде. Несие талабы бойынша тек қаржылай ғана емес, лизингке техника алуға да мүмкіндік береді. Шағын несие беруді көбейту туралы мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында құрылатын несие беру орталығы халыққа тиімді қызмет көрсететіні сөзсіз.