Шаңырақтың тұтастығы – елдің тұтастығы
Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан 5 медиация кабинеті ашылған. Жалпы Шымкент қаласы бойынша барлығы 52 кәсіби және кәсіби емес 55 медиатор бар. Оның ішінде Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе жұмыс жүргізетін кәсіби медиаторлар – 4, кәсіби емес медиаторлар – 8 адамды құрайды. Биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында медиациялық қызметтер тарапынан қандай жұмыстар атқарылды? Әрбір отбасы шағын мемлекет. Ендеше шаңырақтың тұтастығы – елдің тұтастығы. Ел бірлігі мен ынтымағына ықпал етуші — тату-тәтті отбасылар қатарының көбеюі деп білеміз. Отбасы және қоғам тыныштығы, тұтастығын сақтауда қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы медиация институтын дамыту бағытында 2020 жылы қалалық және аудандық соттармен бірлесе түрлі деңгейдегі 5 іс-шара өткізді, оларға барлығы 107 адам қамтылды.
Елімізде жарияланған төтенше жағдай кезеңінде қалалық ассамблеяның медиаторлары «Онлайн медиация» форматына көшіп, азаматтарға «Facebook» әлеуметтік желісінің «ZOOM», «Whatsapp», «Skypе» платформалары арқылы 16 даулы мәселе бойынша кеңес берді, оның ішінде 7-і неке және отбасы қатынастарына қатысты даулар болса, 9-ы қарыз ақша, еңбек даулары және түрлі азаматтық құқықтық қатынастардан туындаған дауларды құрайды.
Онлайн-форматта қаралған даулардың ішінде медиативтік әдістермен 11-сі өзара келісімге келсе, қалған 5 даулы мәселелер бойынша құқықтық кеңестер берілді.