Экономикалық даму преспективалары қаралды
Бүгін Түркістан облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдарды көшіру мәселелері туралы кеңес өткізді. Кеңес барысында мемлекеттік органдарды көшіру процесі талқыланды, сондай-ақ Түркістанның және жалпы облыстың әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму преспективалары қаралды. Облыста мемлекеттік органдар мен ұйымдардың үздіксіз әрі тиімді жұмысын қамтамасыз ету бойынша негізгі іс-қимылдарды қамтитын тиісті Жол картасы бекітілді. Б. Сағынтаев сонымен қатар ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес, қаланы дамытудың бас жоспарының тұжырымдамасын дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы қойып отырған басты мақсат — қысқа мерзім ішінде жаңа ғимараттар құрылысын бастау. Премьер-Министр облыста құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуі тиіс екенін баса айтты. Бұдан өзге, Түркістанның дамуына бизнес өкілдерін тарту қажеттігі айтылды. Бүгінгі таңда бизнестен әлеуметтік нысандарды, қонақүйлер мен басқа да маңызды ғимараттарды салу бойынша ұсыныстар түсіп жатыр. Сондай-ақ облыстың дамуына «Самұрық Қазына» ҰӘҚ өз үлесін қосуды көздеп отыр. Өңірді дамыту бойынша Президент қойған міндеттерді іске асыру үшін қажетті қаражат толыққанды бөлінетін болады.Көшіру барысы туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев баяндады. Баяндалған ақпаратқа сәйкес, барлық жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік тіркеуден өткен. Оларды орналастыру үшін Түркістанда жалпы аумағы 11 680 м2 болатын 12 ғимарат бөлінген. Бірінші кезеңде қызметкерлердің 70% көшірілді. 27 аумақтық орган үшін 16 ғимарат бөлінді. Қазір 14 ведомствоның өкілдері қалаға орналастырылып, өз жұмыстарын бастаған.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Баспасөз Қызметі