Электр энергиясын экспорттаушы өңірге айналдыру жоспары бар
Түркістан облысына келген кореялық кәсіпкерлер мен профессорлар легі Түркістан қаласында болып, қала әкімімен кездесті. Онда шетелдік мамандар рухани шаһарда күн энергиясының қуатын пайдалану мүмкіндігі мол екенін алға тартты. Сөйтіп, билік тарапынан қолдау болса, сол істі бастауға дайын екендіктерін жеткізді.Кездесуге кәсіпкерлермен бірге Астанадағы Инчхон Ұлттық Университетінің құрметті профессоры Рае Квон Чунг да келді. Білікті ғалымдардан құралған делегация қала басшысымен емен-жарқын әңгімелесіп, экологиялық ынтымақтастық жөніндегі бірқатар мәселелерді қозғады. Өз кезегінде қала әкімі Әліпбек Өсербаев қонақтарға рухани шаһардың мүмкіндіктерімен таныстырды. Қазақстан — алдағы 10 жылда электр энергиясын өндірудегі баламалы көздердің үлесін 30, 30 жылда 50 пайызға жеткізуді көздеген мемлекет. Осы бағытта қазір Түркістанда тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеудің тұжырымдамалық бағдарламасы әзірленуде. Әзірге рухани шаһардан кореялық мамандар экологиялық үйлер салуды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде индустриалды аймақтарға да серпін берері сөзсіз. Аталған жобаларға қажетті тауарларды өндіру қолға алынуы да мүмкін. Рае Квон Чунг — Инчхон Ұлттық Университетінің Құрметті профессоры, Нобель сыйлығының лауреаты «Біздің зерттеуіміз бойынша Түркістанда алдағы уақытта электр энергиясының жетіспеушілігі байқалуы мүмкін. Бірақ бұл мәселені шешуге болады. Өйткені, мұнда күннің көзі көп түседі. Осы мүмкіндікті пайдаланып, электр энергиясын көп өндіруге болады. Тіпті, осы жобаны жүзеге асыру арқылы электр энергияны экспорттаушы ортаға айналуға да мүмкіндік бар». Әзірге кореялық тараптың қызығушылығы жоғары. Осы кездесу кезінде олар өз жобаларын қанша уақтытта жүзеге асыра алатындықтары жөнінде де баяндап берді. Енді тараптар қажетті жұмыстарды бірлесе атқаратын болады.
М. ЖАРЫЛҚАСЫН