Бес жыл ішіндегі қажетті қаражат көлемі — 1,3 трлн теңге болмақ
Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында «7–20–25» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация 360 пәтер болатын 6 көпқабатты үйдің құрылысын бастады. Бюджетке келер болсақ, 2018–2019 жылдарға арналған облыстық бюджеттің жоспарланған көлемі қайта қаралып, бекітілді. Осы жылда Түркістан бюджет 621,6 млрд теңгені құрады, ал Шымкенттің бюджетін бөлгеннен кейін облыстық бюджет 552,5 млрд теңгеге бағаланды. Ұлттық экономика және қаржы министрліктеріне Шымкент қаласының алдағы екі жылдың шығындарын жабуға өтінім берілді. Шымкентте орналасқан облыстық нысандарды (167 өңірлік мекеме) қалалық меншікке беру жұмыстары жүргізілуде. Қала теңгеріміне 29,5 млрд тг активімен 55 кәсіпорын берілді. Ж. Түймебаев облысты және Түркістанды дамыту туралы баяндай отырып, бірінші кезекті шаралар анықталғанын, Түркістан облысын 2024 жылға дейін әлеуметтік-экономикалық дамытудың бас жоспарының жобасы әзірленгенін айтты. Кешенді жоспар 188 шарадан тұрады. Бес жыл ішіндегі қажетті қаражат көлемі — 1,3 трлн тг. «Туристерді тартатын басты орталық – Х. А. Яссауи кесенесі Мәдениет және спорт министрлігіне тиесілі. Біз министрлікпен бірлесіп Түркия тәжірибесі бойынша кесене маңынан туристік орын құру мақсатында кәсіпорын құруды жоспарлар отырмыз», — деп әкім, Түркістанның жоғары туристік әлеуетін атап өтті. Тек өткен жылдың өзінде қалаға миллионнан астам турист келді. Аумақтық атқарушы органдарды көшіру, өңірдегі қазіргі жағдай және өңірді дамытудың қолда бар перспективалары туралы бейінді министрліктердің өкілдері баяндады.Кеңес барысында өңірді дамытудың бас жоспарының тұжырымдамасын әзірлеу жөнінде «Қазқалақұрылыс» жобалық институтының бас сәулетшісі Т. Ерәлиев айтып берді. Айлық мерзімде сарапшылар тобы барлық байқау жұмыстарын жинап, қарауға қабылдады.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Баспасөз Қызметі